31 Мамыр 19:12

Астаналықтар «Қараөткел» қорымында қасіретті жылдарды еске алды

NEGE
Фото: Ерлан Омар

Астана қаласы, Байқоңыр ауданының әкімдігінің ұйытқы болуымен саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай аудан аумағындағы Қараөткел қорымындағы Смағұл Сәдуақасов жерленген зират басында қуғын-сүргін құрбандарын секе алу жиыны өтіп, марқұмдардың рухына бағышталып Құран оқылды.

Астана, NEGE. Әруақтар рухына тағзым еткен іс-шараға ғалымдар мен ардагерлер, Алаш зиялыларының ұрпақтары, Дихан Қамзабекұлы бастаған газетіміздің ұжымы және Еуразия Ұлттық университетінің студент-жастары қатысты.

Еске алу рәсімін ашқан «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры, алаштанушы академик Дихан Қамзабекұлы ұлт үшін басын бәйгеге тігіп, құрбан болған Алаш зиялыларының есімін ел жадында қалдыру, жазықсыз «халық жауы» атанған өзге де айтулы азаматтардың есімін ақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтып өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия былтыр қыста қорытындысын шығарды. Қолға алынған жемісті жұмыстың нәтижесінде 311 мың адам ақталып, 2 млн 500 мыңдай құжат құпиясыздандырылды. Бұл өте ауқымды жұмыс. Өкінішке қарай Алаш қайраткерлерінің көбінің бейіті жоқ. Олардың әрбірінің аты-жөндері, қайғы-қасіреттері, ауыр жолдары туралы естеліктер мен оқиғалар тарихта толық жазылмайынша ғылыми жұмыстар тоқтамайды. Смағұл Сәдуақасов атамыз айтқандай, артымызға анық көңілмен, алдымызға ашық көзбен қарайық, – деді Д.Қамзабекұлы.

Байқоңыр ауданының әкімі Талғат Рахманберді де сөз сөйлеп, Алаш қайраткерлеріне көрсетілер құрмет, жастардың санасына отаншылдық рухты сіңіру бағытындағы осындай іс-шаралар бұдан кейін де жалғасын табатынына сенім білдірді.

Естеріңізге сала кетсек, ұлт зиялысы С.Сәдуақасовтың Мәскеудегі Дон зиратынан жеткізілген мәйіт-күлі 2011 жылы осы Қараөткел қорымына қайта жерленген. Алаш ардақтысы еліміздің бас басылымын 1921-1926 жылдар аралығында екі рет басқарған.

               Сағадат БАҚЫТБЕК, Астана