Құлсарыда су тасқыны кезінде екі адам жоғалып кетті
Топан су астында қалған Құлсары қаласында екі адамға іздеу жарияланды. Бұл туралы қалалық жедел штабы хабарлады.
Атырау, NEGE. «06.04.2024 жылғы сағат 21:30-да Құлсары қаласында «Гранд Холл» мейрамханасының жанынан көлік табылды, алдын ала мәліметтер бойынша 2 адам (әкесі мен баласы) жоғалып кетті, іздеу жұмыстары жүріп жатыр. Қосымша Төтенше жағдайлар министрлігі жеке құрамнан 500 адам бөлді, одан бөлек Маңғыстау облысы 9 бірлік техника мен 72 жеке құрам қызметкерін жіберді. Олар жолда келе жатыр», - делінген жедел хабарламада.
Ақпаратта айтылғандай, су тасқыны аумағынан эвакуацияланғандардың дені әйелдер, балалар және мүгедек жандар.
«Ер адамдар өзен арнасы бойындағы бөгеттерді тұрғызуға, патрульдеуге және нығайтуға қатысып жатыр. Полиция департаменті ұрлық пен вандализм фактілеріне жол бермеу бойынша тәулік бойы және күшейтілген режим жұмысына көшті», - дейді штабтан.
Еске сала кетейік, Құлсарыға азық-түлік пен басқа да қажетті заттар авиация арқылы жеткізіліп жатыр.