16 Мамыр 09:54

Дзюдодан әлем чемпионатының басталуына санаулы күндер қалды

Дзюдо
Фото: Olympic.kz

Бұл біріншіліктің басқалардан басты айырмашылығы – әлем мықтыларының Олимпиада қарсаңындағы әлеуетін байқайтынымызда. Аталған сынға Қазақстан командасы да ең мықты құрамын жариялады. Әбу-Дабиде бақ сынайтын спортшылар қатарында Елдос Сметов те бар, деп жазады Olympic.kz.

Алматы, NEGE. Әлем үздіктерінің басым бөлігі соңғы ірі халықаралық жарыстардан сырт қалды. Өйткені, олардың көпшілігі Олимпиадаға жолдама мәселесін шешіп қойды. Сондықтан, рейтингілік ұпайлар аса қажет емес еді. Алайда, әлем біріншілігіне қазіргі дзюдо мықтылары түгел дерлік жиналмақ.

Мұндағы бәсекелестік те өте жоғары болатыны анық. Кездесу тағдырын титтей қателіктер шешеді. Ал әлем чемпионатында берілетін ұпай Олимпиадаға қатысу үшін де қажет екенін ұмытпаңыз.

Олимпиада ойындарына әр салмақтан бір спортшының ғана қатысуына рұқсат. Бірақ әлемнің көптеген құрамаларында, оның ішінде Қазақстан да бар, бір квотаға бірнеше спортшы үміткер атанады. Әлем біріншілігінің нәтижелері бапкерлер құрамы мен Ұлттық федерациялардың да жұмысын жеңілдететіні анық.

Біздің командада ерлерден 60, әйелдерден 48 келі салмақта мәселе түгел шешіле қойған жоқ. Ерлер құрамасында үш спортшы қажетті рейтингілік ұпайларды еншіледі. Олар: Мағжан Шамшадин, Елдос Сметов, Нұрқанат Серікбаев. Ал әйелдер арасында Абиба Әбужақынова мен Ғалия Тынбаева көш бастап тұр.

Жоғарыда аталған спортшылардың ішінен Мағжан Шамшадин ғана әлем чемпионатына қатыспайды. Бапкерлер соңғы Grand Slam турнирінде жүлде алған Елдос Сметовке сеніп артты. Ал Мағжан жақында ғана жарақатына байланысты үзілістен оралды.

Сметов болса, әлем чемпионаты атанып, жер жүзілік жарыстан екі рет қола алған балуан. Бірақ қазіргі олимпиадалық цикл ол үшін аса сәтті өтіп жатқан жоқ. Ескі жарақаттары сыр беріп, өзінің бар әлеуетін көрсете алар емес. Санаулы күнде басталатын әлем чемпионаты Елдостың қазіргі бабына баға бермек. Себебі, аталған турнир қорытындысына қарап, оның Парижге бару-бармауы белгілі болады.

Әлем чемпионатына қатысушылар саны өте көп. Әлемнің әр түкпірінен жиналған 700 дзюдошы медаль үшін таласқа түспек. Әрбір салмақ дәрежесінде 40-қа жуық балуан сынға түсетінін айта кету керек. Ең көп спортшы ерлер арасында 66, 81 келіде (61 қатысушы), «йелдер арасында 48 (48 атлет), 63 (50 атлет) және 70 келіде (48 атлет) тіркелген.

Дүбірлі додаға қатысатын дзюдошылар қатарында көптеген әлем чемпиондары бар. Біз канадалық Криста Дегучи, франциялық Кларессе Агбеньен, испандық Франсиско Гарригон, грузиялық Тато Григалашвили, франциялық аңыз спортшы Тедди Ринерді тамашалаймыз. Сондай-ақ, әйгілі Рюдзю Нагаяма да осы біріншілікте бақ сынайды.

Қазақстан намысын төмендегі спортшылар қорғайды:

Ерлер:

60 келі: Нұрқанат Серікбаев, Елдос Сметов

66 келі: Ғұсман Қырғызбаев, Жанарыс Рахметқали

73 келі: Данияр Шамшаев, Бақытжан Әбдірахманов

73 келі: Дархан Қойбағар (аралас командалық жарыс)

81 келі: Абылайхан Жұбаназар

90 келі: Айдар Арапов (аралас командалық жарыс)

100 келі: Нұрлыхан Шархан

+100 келі: Ерасыл Қажыбаев

Әйелдер:

48 келі: Абиба Абужақынова, Ғалия Тынбаева

57 келі: Бақыт Құсақбаева

63 келі: Эсмигүл Куюлова

70 келі: Екатерина Токарева

-78 келі: Аруна Жангельдина

+78 келі: Камила Берліқаш

«Олимпиада жылы болғандықтан олимпиадалық рейтінгтік турнирлер арасы өте жақын. Спортшыларымыз соңғы мамыр айында үш маңызды жарысқа қатар дайындалды. Оның алдында Азия чемпионаты, Grand Slam жарыстары нәтижесінде әлем чемпионатына қатысатын құрам жасақталды. Қатысушылар арасында тәжірибелі спортшылар да, ересектерге енді ауысып жатқан жастар да бар. Біз үш салмақта екі спортшыдан қойғандықтан, 90 келіге дейінгі салмақтағы спортшылар тек аралас командалық жарысқа қатысады. Ескерте кететіні, әлем чемпионатына қатысу үшін дзюдошылар Олимпиадалық рейтингте ТОП-100 тізімінде болу керек. Өкінішке қарай, біздің жас спортшыларымыз бұл тізімге енді ғана еніп келе жатыр», - деп толықтырды Нұрбол Сүлейменов.

Айта кетелік, біздің дзюдошылар аралас командалық жарыста да сынға түседі және бұл бағдарлама бойынша Қазақстан олимпиадалық квотадан үміткер. Сондықтан, әлемдік сында жоғары орынға таласады.

Әбу-Дабидегі әлем чемпионаты 19 мамырда басталып, 23 мамырда мәреге жетеді.

Тегтер: