Соққыға жығылған жедел жәрдем жүргізушісі оқиғаның қалай болғанын айтты
Бейтаныс ер адам соққыға жыққан жедел жәрдем жүргізушісі видео түсіріп, жанжалдың егжей-тегжейін айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алматы, NEGE. Зардап шеккен Төреғали Берікқалиұлы қазір Мақажанов атындағы облыстық аурухананың неврология бөлімінде жатыр. Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, жәбірленушінің жағдайы әлі де орташа ауыр.
Оның бас миы шайқалған, мұрын сүйектері сынған, кеуде қуысын және беттің жұмсақ тіндерін ауыртып алған.
Жәбірленуші өзін жайсыз сезінсе де, оқиғаның егжей-тегжейін айтып беруді жөн көріп, жанжалдың неден шыққаны туралы видео түсірген. Оның сөзінше, бейтаныс ер адамға жедел жәрдем көлігінің көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісі алдында тұрғаны ұнамай қалған, бұл жерге дәрігерлер бригадасы шақырту бойынша келген.
«Кәдімгі жұмыс күні болатын. Түнде шамамен сағат 23:57-де 2-квартал, 30 бойынша қоңырау түсті. Біздің фельдшерлер шақырту бойынша жедел жетіп, бір жасар бала ауырып жатқандықтан үйге тез кіріп кетті. 4-5 минуттан кейін аға фельдшер шықты, ол планшетке шақырту бойынша мәліметтерді толтыра бастады. Бірнеше минуттан кейін көлік қатты теңселіп кетті, мен бүйірдегі айнаға қарадым, онда ешкім болмады. Сол жақтан қолында тумбочкасы бар жас жігітті байқадым. Ол боқтап жатыр. Оған мән бермедім, ал ол менің тереземе келіп балағаттай бастады. Мен оған шақырту бойынша келгенімді түсіндіріп көрдім. Ол әрі қарай кетіп қалды», - деді Төреғали Берікқалиұлы.
Алайда бейтаныс адам көп ұзамай қайтып келген. Ол қайтадан боқтық сөздер айта бастаған, содан кейін жүргізуші көліктен түскен, ал фельдшер оқиғаны видеоға түсіре бастаған.
«Ол өзін агрессивті ұстады. Мен оған науқасқа, бір жасар балаға келгенімді тағы түсіндіруге тырыстым. Алайда ол тыңдамады. Ол өзін айнадан көргенімді, оған әдейі жол бермегенімді қайталады. Ол жаяу кетіп бара жатқан еді, мен оны әуеліде көрмедім де. Бірақ ол ұра бастады. Осы кезде кішкентай науқас шықты, ал ол бірден кетіп қалды. Мен рөлге отыра алмадым. Себебі көзім бірден ісіп кетті. Екінші бригаданы шақырдық, 102 тез жетті», - деді жәбірленуші.
Денсаулыққа қасақана зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оның Қарағандының тумасы екені, бірақ Шымкентте тіркелгені белгілі болды.
Еске салайық, әлеуметтік желіде жедел жәрдем жүргізушісін ұрған ер адамның видеосы тарады. Әуелі ол жүргізушіге көлікті шетке қоймадың деп айтып, кейін оған қол көтерген.
Бұзақылық әрекетпен адам денесіне қасақана дене жарақатын келтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды.
Кейінірек Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бұған қатысты түсінік берді.
Денсаулық сақтау министрі медицина, әсіресе, жедел жәрдем қызметкерлеріне қатысты мұндай зорлық-зомбылық әрекеттеріне мүлдем жол берілмеуі керек екенін және мұны құқық қорғау органдары қатаң түрде жолын кесуі керек екенін айтты.