Несие алудан ерікті түрде бас тарту
Елде 300 мыңнан астам адам банктер мен шағын қаржы ұйымдарынан несие алудан ерікті түрде бас тартқан, деп хбабарлайды «Хабар24».
Бұл - Стоп кредит қызметінің жемісі. Шартқа сай, азамат Электрондық үкімет порталы арқылы өтініш білдірсе, жаңа кредит рәсімдеуге тыйым 6 ай бойы күшінде болады. Қажеттілік туындаса, шартты мерзімінен бұрын тоқтатуға рұқсат. Қаржы сарапшылары Стоп-кредит қызметін пайдаланудың пайдасы мол дейді.
Жыл басынан интернет алаяқтары тұрғындарды түрлі жолмен алдап, 4 млрд теңгені қолды еткен. Ал былтыр бөгде азаматтардың атынан заңсыз несие алу үшін қаржы ұйымдарына 20 мыңнан аса шабуыл жасалған. Мамандар киберқылмыс шекара таңдамайтынын айтады, себебі ұрланған қаржының көп бөлігі тіпті шетел асып жатыр. Стоп кредит - ғаламтор әлемінде қулығын асырмақ болатындарға тосқауылдардың бірі.
Мұхамед Бағдатұлы - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бас маманы / Алматы:
- Бұл өте қолайлы себебі қазіргі уақытта қаржылық алаяқтық деген толып жатыр. Фишингтік сайттар бар, адамдарға телефон шалып жеке мәліметтерін алады. Біздің адамдар көбіне өзінің сенгіштігінен алаяқтарға жеке ақпаратын беріп қойып, атына қаншама мың, тіпті, миллион кредит рәсімделгенін білмей жатады. Кейін банктер хабарласып, кредитор өзі хабарласқан кезде біліп жататын жағдайлар болады. Осындай алаяқтықтың алдын алу үшін қазіргі уақытта 6 айға азаматтар кредиттен бас тарта алады.
Стоп кредит қызметін іске қосу үшін Электронды үкімет порталына кіріп, «сервистер» бөліміндегі «6 айға банктік қарыздар, микрокредиттер алудан ерікті бас тарту» тетігін таңдау қажет. Әрі қарай электронды цифрлық қолтаңба арқылы онлайн өтініш бересіз. Қызмет мобильді қосымшада да қолжетімді. Айта кетерлігі, несие алуға тыйым салу жөніндегі өтінішті өзгенің атына рәсімдеуге болмайды.
Мұхамед Бағдатұлы - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бас маманы / Алматы:
- Біздің қазіргі қоғамда кредитомания деген мәселе туындап жатыр. Адамдар түрлі мақсаттарға кредит рәсімдейді. Бірнеше банктен кредит рәсімдейді. Кейін қалай қарызға батып жатқанын білмей жатады. Яғни ол психологиялық тұрғыдан да адамға бір шектеу қояды. Адам ойланады, кредит алмай басқа да табыс көздерін табуға болады деп айтуы мүмкін.
Қазір азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру маңызды. Сарапшылар осылай дейді. Оңай онлайн кредит беретін ұйымдардың көбейіп кеткені де алаңдаушылық тудырып отыр. Кейінгі жылдары ондағы проблемалық қарыздардың үлесі 80%-ға жеткен. Елде 227 мың адам қысқа мерзімге онлайн кредит алып, қарызын қайтара алмай отыр.