21 Сәуір 12:10
...

Елімізде бүгіндері 9 мыңға жуық адам эвакуациялық орындарды паналауда

Су тасқыны: Елімізде бүгіндері 9 мыңға жуық адам эвакуациялық орындарды паналауда
Фото: ҚР ТЖМ

ҚР Төтенше жағдай министрлігінің 21 сәуір, сағат 10-00-дегі жағдай бойынша су тасқынына қатысты соңғы мәліметтеріне сүйенсек, бүгіндері 22 734 адам өз үйлеріне оралған. Алайда 8 809 адам, оның ішінде 3 828 бала эвакуациялау пункттерде әлі қалып отыр, деп хабарлайды Zakon.kz.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингі барысында ҚР ТЖМ өкілі Асқар Шәріп Батыс Қазақстан және Атырау облыстарына Жайық өзені арқылы Ресей Федерациясы жағынан туындайтын су тасқынының екінші толқыны ерекше бақылауда екенін баса атап өтті.

"Өткен тәулікте Батыс Қазақстан облысында 81 523 қапшық және 2 770 тонна инертті материал төселді, бөгеттердің іргесін көтеру және нығайту жұмыстары жалғасуда. Атырау облысында 824 мың қапшық және 2 700 тонна инертті материал төселді, 4 424 км бөгет тұрғызылды, бөгеттердің іргесін нығайту жұмыстары жалғасуда. Жайық өзенінің су деңгейіне мониторинг жалғасуда, азаматтарды құлақтандыру және телерадио арқылы хабарландыру әр 4 сағат сайын жүргізіледі", - деді ол.

Оның айтуынша, осы сағатта 22 734 адам өз үйлеріне оралды. 8 809 адам, оның ішінде 3 828 бала эвакуациялау пункттерінде.

"4 536 тұрғын үй мен 2 767 аула аумағынан судың бағыты бұрылды. 11,2 млн астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 4,6 млн қапшық және 1,4 млн астам тонна инертті материал төселді. Жедел желі телефонына 2 114 қоңырау түсті. Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында үйлер мен аумақтардан су сору жұмыстары жалғасуда. Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 36 484 адам, 5 083 техника, 888 су сору құралы, 381 жүзу құралы, 16 әуе кемесі жұмылдырылды,"- дейді Асқар Шәріп.

Тегтер: