29 Сәуір 14:47
...

Түркістанда «Алтын орда және оның мұралары» атты халықаралық конференция өтті

«Алтын орда және оның мұралары»
Фото: ХҚТУ

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Түркістан облысының әкімдігі және университетіміздің ұйымдастыруымен «Алтын Орда және оның мұралары» тақырыбындағы халықаралық конференция өтті. 

   Конференцияға Қазақстан, Әзірбайжан, Беларусь, Қытай, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Египет, Катар, Кувейттің белгілі ғалымдары, сарапшылары мен жетекші мамандары қатысып жатыр. Алдымен қонақтар «Фараб» кітапханасында «Алтын орда» атты кітап және сурет көрмесімен танысты. Содан соң қонақтарға Түркістан туралы бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды.

Қонақтар алдымен «Фараб» кітапханасының бірінші қабатында таныстыру экскурсиясын тамашалап, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің коллекциясынан «X-XIX ғасырлардағы түркі мемлекеттерінің көне еуропалық және американдық карталар галереясы» (Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан мемлекеттері) көрмесін көріп шықты. 

Ресми ашылу салтанатында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы Бас хатшысының орынбасары Джанеш Кейн және университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова сөз сөйлеп, іс-шараның маңызына тоқталып өтті.

Алғаш сөз тізгінін алған ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек халықаралық конференция Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен, биылғы Шанхай ынтымақтастық ұйымына Қазақстанның төрағалық етуі аясында ұйымдастырылғанын айтты. Сондай-ақ, Президенттің арнайы құттықтау хатын оқып берді.

«Құрметті конференция қатысушылары, сіздерді «Алтын Орда және оның мұралары» атты Халықаралық конференциясының ашылуымен құттықтаймын! Алтын Орда – Орталық Еуразияның ұлаңғайыр кеңістігінде мемлекеттіктің бірегей үлгісін қалыптастырған алып держава ретінде тарихта қалды. Қазақстан – орта ғасырларда тұтас ұлттың саяси-экномикалық ахуалына әсері болған осы айбынды мемлекеттің тікелей мұрагері. Жошы ұлысы ұлы дала өркениетінің қарқынды дамуына, батыс пен шығыстың идеялар мен технологиялар алмасуына, түрлі халықтардың мәдени жақындасуына айрықша ықпал етті. Қазір, Алтын Орда туралы тарихи деректер мен ғылыми мағлұматтарды терең зерделеу, оны жан-жақты дәріптеу жолында күшейтілген жұмыс жүргізіліп жатыр. Әр елден келген білікті мамандар мен зерттеушілердің күш-жігерін қолдау қажет. Осы жұмыс арқылы бұл бағытта зор нәтижеге жете аламыз. Бүгінгі алқалы жиын Жошы ұлысының сан қырлы мұрасын зерделеу саласында маңызды қадам деп сенемін. Конференция жұмысына табыс тілеймін!», – делінген құттықтау хатта.

«Алтын орда және оның мұралары»
ХҚТУ

Министр өз сөзінде Алтын Орданың мәдени мұрасын сақтап, осы ұлы империяның тарихы туралы ғылыми білімді халық арасында кеңінен насихаттау керек екенін атап өтті.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы бүгінгі жиынның руханият ордасына айналған Түркістанда өтуі – өңір жұртшылығы үшін үлкен мәртебе екенін айтты.

«Мемлекет басшысы «Алтын Орда – қазақтың мәдени кодының маңызды бөлшегі» деген еді. Біз Алтын Орда тарихы арқылы өз ұлтымыздың ұлттық болмысын, табиғатын, салты мен дәстүрін, ділі мен тілін танимыз, білім көкжиегімізді кеңейтеміз. Бұл басқосудың – тарихи шаһардың төрінде өтуі – тарихты терең тануға бет бұрудың жаңаша көрінісі деп білеміз», – деді.

Конференцияға арнайы келген Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы Бас хатшысының орынбасары Джанеш Кейн Түркістан қаласы мен түркі әлемінің ұлы ғұламасы Қожа Ахмет Ясауидің халықаралық ортадағы рөлі мен маңызына тоқталды. Сондай-ақ, тарихы тереңге бойлаған қазақ даласының ежелден саяси ортада әлеуеті жоғары болған мемлекеттерге мекен болғанын атап өтті.

Келесі сөз кезегін алған оқу орнымыздың басшысы Жанар Темірбекова Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысының Жошы ұлысы мен Алтын Орда тарихын зерттеуге арнайы тапсырма бергенін еске салды.

«Алтын орда және оның мұралары»
ХҚТУ

«Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының жетекші мамандары мен эксперттерінің қатысуымен өткелі отырған Халықаралық деңгейдегі бұл Бас қосудың басты мақсаты – Алтын орданың дүниежүзілік тарихта алатын орны мен маңызын академиялық және заманауи ғылым-білім беру қауымдастығының өкілдерінің алаңын құрып, онда аталмыш тақырыпты зерттеудің жаңа концептуалдық тәсілдері мен тенденциялары, сондай-ақ болашақта бірлескен ғылыми зерттеулер стратегиялары бойынша пікір алмасу», – деді университет ректоры.

Бұдан әрі конференция пленарлық және секциялық отырыстармен жалғасты. Баяндамалар екі негізгі тақырып аясында өрбіді – «Алтын Орда тарихы: заманауи зерттеулердегі жаңа тәсілдер мен әдістер» және «Алтын Орданың археологиялық зерттеулері бойынша Көшпенділер мен фермерлердің тарихи-мәдени симбиозы: міндеттері, ерекшеліктері мен перспективалары».Соның ішінде Татарстан Республикасының М.А.Усманов атындағы тарих Институтының Алтын орда және татар хандығын зерттеу Орталығының жетекшісі Ильнур Миргалеев, Л.Н. Гумилёв атындағы ЕҰУ «Аймақтану» кафедрасының профессоры Айболат Кушкумбаев, Мармара университетінің профессоры Ильяс Кемалоглу, Өзбекстан Республикасы Ғылым Академиясы археология ұлттық орталығының директоры Фархад Максудов, Назарбаев Университеті жаратылыстану, әлеуметтану және гуманитарлық ғылымдар мектебі қазақ тілі және түркология кафедрасының профессоры Юлай Шамильоглу, Жошы Ұлысын зерттеу Ғылыми институты директоры Жақсылық Сабитов, Гумилев атындағы Евразия ұлттық университеті заманауи зерттеулер Институтының директоры Мұхит-Ардагер Сыдыкназаров, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің профессоры Қалқаман Жұмағұлов тың ақпаратқа толы тарихи деректермен бөлісті.

Түркістан қаласы
ХҚТУ

Жалпы, конференция жұмысы көшпелі қоғамның саяси және этноәлеуметтік институттарының негіздерін, пәнаралық синтез негізінде Алтын Орданың этномәдени құндылықтарының ерекше белгілерін зерттеуді қарастыруға бағытталған.

Сарапшылар Жошы ұлысының, Ноғай Ордасы мен Қазақ хандығының рухани астанасы болған Сарайшық қаласы, қазіргі уақытта ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Қышқала ірі сауда-қолөнер қалашығының рөлі мен маңызына тоқталып, жаңа археологиялық зерттеулер негізінде Алтын Орда мәдениеттерінің өзара ықпалы мен симбиозына қатысты зерттеушілердің ғылыми жаңалықтары мен өзіндік тұжырымдарына баға береді.

Сондай-ақ, Болған ана кесенесінен табылған костюмдерді қалпына келтіру жұмыстарының нәтижелерін басшылыққа ала отырып, алтынордалықтардың күнделікті өмірі мен тұрмысының аспектілеріне талдау жасалады. Еуразия құрлығының саяси, мәдени және әлеуметтік тарихын зерделеудің заманауи тенденциялары дәріптеледі.