22 Наурыз 13:48
...

Президент Наурыз мерекесін халықпен бірге қарсы алды

пр
Фото: Ақорда

Алматылықтар әз Наурызды бар сән-салтанымен қарсы алды, деп хабарлайды 24KZ.

Алматылықтар әз Наурызды бар сән-салтанымен қарсы алды, деп хабарлайды 24KZ.

Алматы, NEGE. Ұлыстың ұлы күнімен құттықтау үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қалаға арнайы келді. Президент алдымен керуен-шоу және мерекелік кештің куәсі болды. Кейін қаланы аралап, қарапайым қарашамен сөйлесті. Ақсақалдармен әңгімелесіп, кішкентай балалармен суретке түсті.

Әз-Наурыз қарсаңында Алматы көшелері қарбалас. Ұлысқа ұлық болған мерекені қалың қараша мәре-сәре тойлап жатыр. Әсіресе Абайдан бастап, Достықты бойлап, Абылай хан даңғылына дейін жеткен Наурыз – думан керуені көпті таң-тамаша етті. Қала тұрғындары батырды да, ақынды да, саятшы мен сұңқарды да көре алды.

Жалпыхалықтық сипатқа ие мерекені Қасым-Жомарт Тоқаев та халқымен бірге, қаймана қазақтың ортасында тойлады. Бұл жолы үйреншікті ресми классикалық костюм емес, ұлттық киімді киіп шықты. Ең маңызды шараның бірі кеше «Астана» алаңында өткен. Мұнда Мемлекет басшысының құттықтауын тыңдауға қала тұрғындары жаппай ағылды. Шын көңіл, ақ пейілден шыққан сөзді халқымыз жылы қабылдады.

Қонақтар «Абай» алаңында өтіп жатқан мерекелік фестивальге де көп келді. Бұл шығармашылық шара Наурыз мейрамын тойлайтын түрі мен тілі, діні мен ділі ұқсас елдердің мәдениет-дәстүрін бір шаңырақ астына біріктірді. Тарихтан сыр шертетін құндылық және оның озық технологиямен ұштасқан нұсқасы тұрғындарды таңғалдырды. Мемлекет басшысы көрмеге арнайы ат басын бұрып, халқымен әңгімелесті. Жүздесуден ыстық ықылас һәм жылы лебізді аңғаруға қиын емес.

Әз Наурызды тойлауға еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін түгел жиналған. Мерейлі мерекеде кішкентай бөбектер де Президентпен кездесу мәртебесіне ие болды. Қазақ жұрты төл жаңа жылын бір ел, бір халық болып тойлап жатыр. Мұны құттықтау сөзінде Президент те айтты, өзі де сол халықтың ортасынан табылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бабаларымыз ежелгі заманнан бері Ұлыс күнін жыл басы ретінде атап өткен. Қазір әз-Наурыз күллі халыққа ортақ жалпыұлттық мерекеге айналды. Оны ұлтына, дініне қарамастан барша жұртымыз ерекше күтеді, бірге атап өтеді. Баршаңызды бүгінгі Көктем мерекесімен тағы да шын жүректен құттықтаймын! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш бола берсін! Рақмет баршаңызға, құттықтаймын.

Ұлттық мерекені күллі қазақ жұрты сән-салтанатымен тойлап жатыр. Тұтас табиғат жаңғыратын бұл күнді қазақ жылдың басы деп есептеген. Олай болса, Президент пен халық жыл басын бірге қарсы алды. Бұл елмен етене байланыс үзілмейтінін білдірсе керек.