14 Сәуір 21:06

Таяу Шығыстың тыныштығы тағы бұзылды

Израиль
Фото: ғаламтордан

Кеше түнде Израильдегі табан астында іске қосылған әуе дабылы ел тұрғындарының берекесін қашырды.

Иран әскері Израильдің аумағына ұшқышсыз ұшу аппараттарымен және зымырандармен шабуыл жасады.

 Аталған елдер Газа мәселесінде бұған дейін де араздасып келгенімен, Иран бұған дейін Израильге тікелей шабуыл жасамаған. Тек Сирия, Йемен, Ирак аумағында ұйымдасқан ираншыл топтар арқылы қыр көрсетіп келген.

Бірнеше күннен бері күтіліп келген бұл соққыға Израиль әскері тас-түйін дайын отырды. Бірнеше толқынмен ұшып келген ирандық дрондар мен қанатты зымырандардың біразын Израиль негізінен өзінің әйгілі «Темір күмбез» және «Жебе-3» әуе қорғаныс жүйелері арқылы қағып түсірсе, АҚШ, әуе күштері де Иранның Ирак, Сирия және Йемен бағыттарынан келген соққы беруші дрондары мен зымырандарын «тұтқынға түсірген». Бұл ақпаратты АҚШ-тың Қорғаныс министрі Ллойд Остин III мәлімдеді.

Ұлыбритания билігі де өз әскери ұшықтарының Израиль аумағына кірген ұшқышсыз ұшу аппараттарының тас-талқан еткенін ресми растады.

Сонымен қатар Израильмен көрші жатқан Иордания билігі де өзінің әуе кеңістігіне өтіп кеткен зымырандарды атып түсіргенін жеткізді.

Иран
ғаламтордан

The Times of Israel ақпарат агенттігінің хабарлауынша, қорғаныс дабылы алдымен Израильдің оңтүстігіндегі елді мекендерге Астана уақытымен 23.45 шамасында естілген. Кейін сиреналар елдің өзге аумақтарында да іске қосылған.

Ал дрондар мен зымырандарға қарсы соққы жасаған сәттердегі жарылыс даусы елдің солтүстігі мен оңтүстігіндегі, сондай-ақ Иерусалим мен Батыс Шерияның солтүстігіндегі біраз қалаларға естілген.

The New York Times басылымының хабарлауынша, Иран шамамен әуеге 300-ге жуық дрон мен зымыранын көтерген. Басылым Иранның ондаған жыл бойы жүргізіп келген астыртын қырғи-қабақ әрекетінің бұлай аяқ асты өршіп кетуін жуырдағы Израиль әскерінің Сириядағы Иран елшілігіне жасаған шабуылына берген жауабы деп отыр.

Израиль
Rian.ru

Таяу Шығыста қайта өршіген бұл күрделі геосаяси ахуалға халықаралық қауымдастық бірден қатты жауап қатты. Ұлыбритания корольдігі қай уақытта болса да Таяу Шығыстағы ұшақтары арқылы мұндай шабуылдарды тоқтатуға әзір екенін мәлімдесе, Мысыр да өз әуе қорғанысының дайын екенін хабарлады.

Ал Иранның БҰҰ-дағы миссиясы Израильге жасалған шабуыл аяқталғанын мәлімдеп, айдаладағы АҚШ-қа қақтығыстардан аулақ болуды ескертіп, доқ көрсетті.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш де өзінің мәлімдемесінде Иран тарапын айыптап отыр.

Иран-Израиль
ғаламтордан

Әлемдік тыныштық пен тұрақтылықтың шырақшысы болып жүрген үлкен ұйымның басшысы ретінде аймақтағы шиеленістің қаупіне қатты алаңдап отырғанын жеткізді.

Бұдан бөлек, Еуроодақ, Норвегия Мексика, Нидерланды, Чехия, Франция, Ұлыбритания және Дания елдерінің сыртқы істер министрлігі Иранның бұл қарулы «қылығын» қатаң айыптап отыр.

Бұл геосаяси ахуалға байланысты біздің билік те үн қатып, бүгін Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады.
«Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Иран мен Израиль арасындағы шиеленістің күрт нашарлауына байланысты терең алаңдаушылық білдіріп, тараптарды барлық келіспеушіліктерді тек саяси-дипломатиялық жолмен шешу үшін ұстамдылық пен кідіріссіз шаралар қабылдауға шақырады», делінген ведомствоның мәлімдемесінде.

Сағадат БАҚЫТБЕК, Астана