1 Ақпан 09:15

Александр Бублик Монпелье турнирінің ширек финалына жолдама алды

Александр Бублик
Фото: ҚТФ

Қазақстанның бірінші, әлемнің 27-ракеткасы Александр Бублик Монпелье (Франция) ATP 250 турнирінің ширек финалына жолдама алды, деп хабарлайды Kazinform.

Алматы, NEGE. Бұдан екі жыл бұрын осы жарыста үздік шыққан қазақстандық теннисші биыл доданың 2-ракеткасы болып тіркелген.

Турнирді екінші айналымнан бастаған А.Бублик дүниежүзілік рейтингіде 137-орында тұрған канадалық Денис Шапаваловпен шеберлік таластырды.

Канадалық теннисші кезінде рейтингіде 10-орынға дейін көтерілген ойыншы еді. Сондықтан ойын аса тартысты өтіп, бірінші партияда Д.Шаповалов шыдатпады – 6:1.

Екіншісінде тай-брейкте А.Бублик қарымта қайырды – 7:6 (14:12).

Үшінші, шешуші сетте қазақстандық теннисші брейкпен алға кетті – 3:0. Ақыры матчты жеңіспен түйіндей алды – 6:3.

Екі сағат жарымға жуық уақытқа созылған бәсеке барысында Бублик 6 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды. Шаповалов 16 эйс, 3 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.

Александр Бублик жартылай финалға өту үшін отандасы, әлемнің 59-ракеткасы Александр Шевченко немесе рейтингіде 104-сатыдағы франциялық Грегуар Баррердің біреуімен таласады.

Жалпы жүлде қоры 579 мың еуроға бағаланған жарыс 4 ақпанда мәресіне жетеді. Өткен жылы мұнда әлемнің 4-ракеткасы, биылғы Аустралия ашық біріншілігінің жеңімпазы, италиялық Янник Синнер чемпион атанған еді. Биыл ол додаға қатыспайды.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 255-ракеткасы Михаил Кукушкин Кобленц (Германия) челленджер турнирінің ширек финалынан тыс қалды. Ол екінші айналымда әлемнің 222-ракеткасы, америкалық Мартин Дамға есе жіберді – 6:7 (1:7), 7:5, 6:7 (3:7). Бұл бәсеке де тартысты өтіп, 2 сағат 45 минутқа созылды.