Ұлыбританияда елес мекендейтін түрмеге қатысты дау шықты
Туристердің сүйікті орны саналатын Ұлыбританиядағы 400 жылдық тарихы бар Шептон Маллет (Shepton Mallet) түрмесінің төңірегінде дау туындады, - деп хабарлайды Tengritravel.kz.
Алматы, NEGE. Шептон Маллет түрмесі - Ұлыбританияда туристер ең көп баратын орындардың бірі. Оның жабылуға мәжбүр екенін естіген туристер жаңалықты ауыр күйзеліспен қабылдап, наразылық танытты.
Белгілі болғандай, City&Country компаниясы мен түрме иелері арасында келіспеушіліктер туындаған. Салдарынан 2 қаңтарда туристердің "сүйікті мекемесі" жабылуға тиіс еді.
Бірақ көпшілік резонанстан кейін түрме иелері компаниямен мәмілеге келгенін растады. Енді ол 2024 жылы өз жұмысын жалғастыра береді.
Cove Group бас директоры Джоэл Кэмпбелл өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында қуанышты хабарды жеткізіп, қолдау білдірген барша жанға алғысын білдірді.
"Алдағы уақытта City&Country компаниясымен жүргізілетін келіссөздерге оптимистік көзқараспен қараймыз. Жаңа жылда біздің еңбекқор қызметкерлеріміздің жұмыс орындарының сақталатынын естіп, уайымымыз сейілді. Соңғы апталарда қолдау көрсеткен барша халыққа алғыс айтқымыз келеді. Осындай қолдау әлі де жалғасады деп үміттенеміз. Сонымен біз Шептон Маллет түрмесінің жаңа жылда жұмысын жалғастыра беретінін ресми түрде мәлім етпекпіз. Мақсатымыз - осы керемет ғимараттың мұрасын сақтау және оны қорғау. Біздің команда 2024 жылы көп қонақты қабылдауға дайын екенін қуана хабарлаймыз", - деді ол.
Әлеуметтік желілерде жүздеген оқырман көптен күткен жаңалықты қуанышпен қарсы алды.
"Бұл Ұлыбритания тарихы үшін үлкен жаңалық, көптеген жыл өтсе де керемет жаңалық болып қала береді", - деп жазды желі пайдаланушылары.
Айта кетейік, аталған түрме 1626 жылы ашылған. Соңғы рет 1945 жылы түрмеде сотталған адам өлім жазасына кесіліп, дарға асылған көрінеді. 2013 жылы түрме ресми түрде жабылған. Содан бері бұрын қандықол қылмыскердің "үйі" болған Шептон Маллет түрмесі бүгінде туристердің сүйікті мекеніне айналған.
The Sun мәліметінше, онда түнеу құны 50 фунт стерлингтен асады.
Паранормалды құбылыстарды зерттейтін мамандар түрме қонақтарына "елестермен экскурсия" жүргізеді. Түрме қабырғасында жиі айтылатын оқиғалардың бірі – Ақ ледиге қатысты. Ол өзінің ашынасын өлтіргені үшін өлім жазасына кесілген деседі. Ақ леди өлім жазасына кесілген кезде той көйлегін киюді өтінеді, дегенмен келесі күні таңертең өлі табылады.
Түрмедегі қызықтар мұнымен аяқталмайды. Сотталғандардың өмірін толық сезіну үшін түрме қонақтарын арнайы камераларға қамап, таңғы асқа ботқа береді екен.