Атырауда тасқыннан зардап шеккен шаруаларға өтемақы төлеу бойынша комиссия құрылды
Атырау облысы ауылшаруашылығы басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы Азат Қапановтың айтуынша, қазіргі уақытта 4787 га егілген егін алқабының 85 га су астында қалған, деп хабарлайды Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабы.
Алматы, NEGE. «Облыс бойынша биыл 10 825 га егін егу жоспарланды. Тасқын аумақтарында орналасқан алқаптардың 85 га егілген егін су астында қалып отыр. Сонымен бірге, көктемгі дала жұмысын жүргізуге арнайы дайындалған жердің 4000 га су басты. Ауылшаруашылығы министрлігі зардап шеккен өңірлерге өтемақы төлеу жөнінде қағида жариялаған болатын. Осыған байланысты, шаруашылығы тасқыннан зардап шеккен аудандарда комиссия құрылуда. Өтініштер қабылданып, шығын өтелетін болады. Атырау қаласы аумағында тасқыннан зардап шеккен шаруашылық нысандарының қатарында алма бақтар, егістік алқаптары бар», – деді Атырау облысы ауылшаруашылығы басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы Азат Қапанов.
Тасқын судан Қызылқоға, Жылыой, Махамбет, Индер аудандарында және Атырау қаласындағы шаруа қожалықтарының бірқатары зардап шекті. Атырау облысы бойынша 500 га астам егін алқабы қауіпті аймақта тұр, ол аумақтар қоршалып, бөгет орнатылған.