17 Маусым 08:42

Бейбіт Жұқаев Ұлыбританияда негізгі жарысқа жолдама алды

Бейбіт Жұқаев
Фото: ғаламтордан

Қазақстандық, әлемнің 193-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Илкли (Ұлыбритания) челленджер турнирінің іріктеу сайыстарын сәтті өткізді, деп хабарлайды Kazinform.

Алматы, NEGE. Қазақстандық теннисші алдымен екі сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты матчта әлемнің 177-ракеткасы, португалиялық Жайме Фарияны қапы қалдырды - 6:3, 6:7 (5:7), 6:1). Бұл бәсекеде Бейбіт 17 эйспен көзге түсті.

Бейбіт Жұқаев іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 190-ракеткасы, бельгиялық Йорис Де Лорені айқын басымдылықпен ұтты – 6:3, 6:1. Бір сағаттан астам уақытқа созылған ойын барысында қазақстандық спортшы 6 эйспен бірге 5 брейк-пойнттан шашау шығарған жоқ.

Осылайша, Б.Жұқаев жүлде қоры 148 625 еуроға бағаланған негізгі жарысқа жолдама алды.

Аталмыш дода жеңімпазы 20,3 мың еуроға қоса 125 рейтингілік ұпайға қол жеткізді. Мұнда әлемнің 82-ракеткасы, франциялық Юго Гастон 1-ракетка болып тіркелген. Сондай-ақ Қазақстаннан әлемнің 135-ракеткасы Михаил Кукушкин де бақ сынайды. Ол алғашқы айналымда 243-орында тұрған ұлыбританиялық Чарльз Брумнан өтуге тырысып көреді.
Б.Жұқаевтың қарсыласы кейін анықталады.

Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 43-ракеткасы Александр Недовесов Галле (Германия) ATP 500 турниріне өте алмады. Ол испаниялық Педро Мартинеспен бірге іріктеу сайысының финалында үндістандық Юки Бхамбри – франциялық Альбано Оливеттиге жол берді – 5:7, 3:6.

Осылайша, А.Недовесов – П.Мартинес жүлде қоры 2,4 млн еуродан асатын ірі жарыстан шет қалды.

Бұл турнирде өткен жылы жекелей сында Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик жеңімпаз атанған еді. Биыл осы атағын қорғайтын А.Бублик бастапқы кездесуін рейтингіде 100-сатыдағы аустралиялық Макс Пёрселмен өткізеді. Аустралиялық теннисші іріктеу сайыстарында тағы бір қазақстандық Александр Шевченконы ұтқан болатын. Сонда кеткен есені екінші Александр қайтара ма, оны 18 маусымға белгіленген матч көрсетеді.