29 Қаңтар 01:25

Ыстанбұл шіркеуінде бір адамды атып өлтіріп кетті

Ыстанбұл шіркеуінде бір адамды атып өлтіріп кетті
Фото: Фото: Анадолы агенттігі

Жексенбі күні таңертең екі қарулы адам Ыстанбұлдағы христиан шіркеуінде оқ жаудырды. Әдейі жасалған қастандыққа ұқсайтын оқиға кезінде бір адам қаза тапты. Күдіктілерді іздеп жатыр, деп хабарлайды Kazinform.

Астана, NEGE.TRT Haber хабарлауынша, атыс жергілікті уақытпен сағат 11:40 шамасында Ыстанбұлдың Сарыер ауданындағы Әулие Мария шіркеуінде болған.

Қылмыстың себебі әлі белгісіз, бірақ түрік шенеуніктері шабуыл қаза болған адамға бағытталған деп болжап отыр.

Сыртқы бақылау камерасы кадрларынан көрініп тұрғандай, шіркеуге бетперде киген екі қарулы адам кірген сәтте іштегі адамдар есікке арқасын беріп, құрбандық үстеліне қарап тұрған.

Күдіктілер шіркеуге жаңа кірген қара киімді адамның соңынан еріп келген сияқты.

Сол адамға оқ жаудырып, жәбірленушіні өлтіргеннен кейін екеуі тез арада ізін жасырған. Олар әлі табылған жоқ.

Қаза тапқан адамның кім екені әлі белгісіз. Оқиға орнында болған Түркияның ішкі істер министрі Әли Ерлікая марқұмның есімінің бас әрпін ғана атады: С. Т.

ВВС өлтірілген кісінің ағасы жергілікті БАҚ-қа сұхбат бергенін жазады. Ол марқұмның 52 жаста екенін және жақын арада христиан дініне өтуді ойлап жүргенін, бірақ әлі шоқындыру рәсімінен өтпегенін айтқан.

Тағы бір туысы марқұмның психикалық ауруы бар, сондықтан оны әдейі өлтіруге себеп жоқ екенін жеткізген.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған көңіл айтып, кісі өлтірушілер «24 сағат ішінде» табылатынын мәлімдеді.

Атыс болған шіркеу XIX ғасырда салынған және Ыстанбұлдың еуропалық бөлігіндегі Босфор маңында балық базарының жанында орналасқан.

Қала мэрі Экрем Имамоғлы Х әлеуметтік желісінде (бұрынғы Twitter) былай жазды:

«Біз ешқашан қаламыздағы діни нысандарға шабуыл жасау арқылы бірлігіміз бен бейбітшілігімізді бұзуға тырысатындардың ниетін жүзеге асыруға жол бермейміз».

Рим Папасы Франциск те көңіл білдірді.

Түркияда христиандарға шабуыл жасау оқиғалары өте сирек кездеседі.

Имамоғлының айтуынша, мұнда мұсылмандар мен христиандар тату тұрады және жергілікті тұрғындар бұл жағдайдан қатты шошып қалған.