13 Шілде 16:24
...

Атырау облысының 158 тұрғынына мал шығыны үшін 185,6 млн теңге төленді

https://inbusiness.kz/
Фото: inbusiness.kz

ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин жұмыс сапары аясында аймақтағы жалғыз қой және түйе жүнінен өнімдер шығаратын "CaspiyLana Atyrau" ЖШС-ға барды, деп жазады inbusiness.kz.

Атырау, NEGE. Бірінші кезеңде 100 тонна түйе жүнін және 350 тонна қой жүнін қайта өңделсе, екінші кезеңде 400 мың қума метр мата және көрпе шығарылады. Ауыл шаруашылығы министрлігі және жергілікті атқарушы органдардың тарапынан бүгінде мекеменін өндірісін қайта жандандыру мәселесі талқыланып, жоспар бекітіліді. Одан әрі жоспарға сәйкес жұмыс жүргізілетін болады.

Кейін А. Бердалин облыстың 100-ден астам шаруа қожалықтарының басшыларымен және тауар өндірушілермен кездесіп, ұсыныс-пікірлерді тыңдап, бірқатар сұрақтарға жауап берді. Сұрақтардың ішінен ірі сабақты мал азығына берілетін субсидия және су тасқыны салдарынан зардап шеккен ауыл шаруашылығы құрылымдары мәселелеріне ерекше тоқталып, халыққа түсіндірме жүргізді.

Айта кетейік, Жылыой, Қызылқоға аудандарының 158 тұрғынына су тасқыны салдарынан қаза тапқан малдың шығыны үшін 185,6 млн теңге сомасында өтемақы толық төленді. Оның ішінде 39 шаруа қожалығының басшысы, 19 жеке кәсіпкер, қалғандары-ауыл тұрғындары. Көктемгі су тасқынынан өсімдік шаруашылығымен айналысатын 150-ден астам ШҚ зардап шекті, 6070 гектардан астам аумақты су басқан.

Ауыл шаруашылығы министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар бірлесіп, жиналыс барысында қойылған сұрақтар мен ұсыныстарды, әзірленетін хаттамаға сәйкес қарастырып, жұмыс жүргізетін болады.

Өткізілген жиналыстан кейін, Аманғали Бердалин биылдан бастап 10 шілде сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып бекітілген "Ветеринария қызметкері күніне" орай облыстағы ветеринариялық ұйымдарға "Haval" маркалы 34 қызметтік көлік табыс етті. Жалпы облыста 76 ветеринариялық пункт бар. 2023 жылы – 42-не көлік табыс етілген болатын. Қазіргі кезде облыс әкімшілігінің қолдауымен барлық ұйымдар 100 % авто көліктерімен қамтылған.

"Ветеринария саласын дамыту үшін мемлекеттен жыл сайын қолдау көрсетіліп жатыр. Сіздердің сапалы жұмыс істеуіңізге қажетті барлық материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету үшін жан-жақты шаралар қабылданып жатыр. Бүгін міне, соның куәсі ретінде сапалы қызметтік көліктерді беріп жатырмыз. Бұдан бөлек, ветеринариялық лабораториялар бүгінгі күнгі талаптарына сай жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында ҚР Үкіметі резервінен 3,8 млрд. тенге бөлді, саланы цифрландыру жұмыстарында қарқынды жүргізіп жатырмыз", – деп атап өтті А.Бердалин.

Іс-сапар барысында облыс халқын табиғи сүт және ашытылған сүт өнімдерімен қамтитын "Первомайский" тауарлы сүт фермасының жұмыс барысымен танысты. Ферма жылына 6 400 тонна сүт және сүт өнімдерін шығарады. Тауарлар негізінен "Дина" базарының, "Көктем" және "Сарайшық" коммуналдық базарының сөрелеріне қойылған. Вице-министр шығарылатын өнім санын және сапасын арттыруды, сонымен қатар ветеринариялық талаптарды күшейтуді тапсырды.

Жұмыс сапары аясында "Caspian Royal Fish" бекіре өсіру зауытында да болды. Мекеме еуропалық стандарттарға сай бекіре тұқымдас балықтарды өсіріп, жоғары сапалы қара уылдырық алып отыр. Өндірістік қуаты - 10 тонна. "Caspian Royal Fish" ЖШС мемлекеттік тапсырыспен 2023 жылы Жайыққа 500 мың бекіре шабағын өсімге жіберді.