14 Сәуір 20:50

Елордада ерекше экоакция өтіп жатыр

Экоакция
Фото: ғаламтордан
Кешелі бері Астанада тазалықты ту еткен тазалық акциясы өтіп жатыр. 

Алмвты, NEGE. Ауа райы қалыпқа келіп, күн көзі көрінген сәттен-ақ қала жұртшылығы жаппай экологиялық акцияға үлес қоса бастады. 

Астана қаласының көшелерін қоқыстан тазартып, абаттандыруға және көгалдандыруға бағытталған бұл акция «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» деп аталады.

 Оған қала тұрғындары, еңбек ұжымдары, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, шағын және орта бизнес субъектілері, еріктілер, оқушылар мен студенттер және өзге де қала тазалығына бейжай қарамайтын азаматтар қатысуда.

Аталған экоакция аясында қала ішіндегі арық-атыздар мен кәріз желілерін, көше бойлары мен тротуарлар, кварталішілік аумақтар, қоғамдық кеңістіктер мен аулалар тазартылмақ. Сондай-ақ жасыл желектердің да жай-күйіне мән беріліп, күтіп-баптау және отырғызу бойынша маусымдық агротехникалық жұмыстар қолға алынбақ, сауда орындарына жақын аумақтар да тазартылып, көгалдар мен гүлзарларды орнату іс-шаралар атқарылады. Сондай-ақ қыстай бейберекет жиналған рұқсат етілмеген қоқыс полигондары да жойылмақ.

Бұдан бөлек елорданың өзге де тұрғындары бұл бастамаға немқұрайлы қарамай, өз жеке тұрғын үйлерінің ауласын, есік алдын тазалап, ретке келтіріп жатыр.

Экоакциға белсене қатысқан тұрғындарды көтермелеу іс-шаралары да қарастырылғанын айта кеткен жөн. Сенбілік кезінде қаланың үш жерінде жасырылған ақшалай сыйлықтардың иегерлері анықталды.

Экоакция
Астана қаласы әкімдігі

Естеріңізге сала кетсек, кеше басталған елордалық ерекше челленджді алғашқылардың бірі болып «Тұран-Астана» университетінің студенттері қолдап, қаланы тазалауға шыққан болатын. Аталған ЖОО-ның 200-ден астам студенті Ы.Дүкенұлы көшесі бойынан 200-ден астам қап қоқыс жинады. Одан әрі олар тазалық эстафетасын С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттеріне жолдаған-ды.

«Бұл челленджге қатысып қана қоймай, қаладағы әрбір студент табиғатты аялауға және тазалықты сақтауға барынша жауапкершілікпен қарауды түсінсе дейміз. Біз Ыкылас Дүкенұлы көшесінің аумағын тазалап, көп мөлшерде қоқыс жинадық, бұл бастаманы барлық жоғары оқу орны студенттерінің қолдағанын қалаймыз», дейді студент Данияр Әшімов.

Ал ұйымдастырушылар айтуынша, бұл экочеллендж әрмен қарай жалғасып, Астананың 15 жоғары оқу орнының барлық студенттерін қамтымақ.
Сонымен қатар, қаладағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жиырмаға жуық зейнеткер де сенбілікке шығып, қарт волонтерлер Республика даңғылы мен Мәскеу көшелерінің қиылысында орналасқан А.Пушкин атындағы алаңды қоқыстан тазартып, айналаны безендіруге атсалысты.

«Бүгін Нұра ауданының «Күміс волонтерлері» ұжымының белсенді аталары мен әжелері сенбілікке шықты. Біз өзімізге берілген аумақты тазарттық. Астана тұрғыны болғандықтан, қаламызды өте жақсы көреміз, оның тазалығына өз үлесімізді қосуға тырысамыз», деді волонтерлар ұжымының жетекшісі Ләззат Өтеғұлова.
Бұған қоса, бұл игі бастамаға Астанада тұратын спортшылар да қолдау білдірді.

Елордадағы «Ғашықтар» саябағында өткен сенбілікке дене шынықтыру және спорт басқармасының 100-ден астам спортшысы мен қызметкері қатысты, деп хабарлады Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.

Астана қалалық әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит мұндай экологиялық іс-шараларға спортшылар қашанда атсалысып жүретінін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, еліміз бойынша басталған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық ауқымды акциясы бес аптаға созылып, әр апта «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» сынды өзіндік тақырып аясында ұйымдастырылмақ.

Сағадат БАҚЫТБЕК, Астана