«Номад» Құрлықтық кубок ойындарының жеңімпазы атанды
Қазақстандық «Номад» командасы шайбалы хоккейден Құрлықтық кубок ойындарының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Kazinform.
Алматы, NEGE. Елордалық команда бүгін Польшаның «Катовице» командасымен кездесті.
Қазақстандық команданың бас бапкері Фёдор Полищук «Номадтың» құрамын жариялады.
Қақпашылар: Әмірбеков (Бояркин); Ойыншылар: Бойко-Борисевич-Рахманов, Гайтамиров-Бутенко; Мусоров-Шульга-Гатиятов, Диханбек-Королёв; Александров-Гусейнов-Цыбин, Никитин-Царёв; Қайыржан-Маңғысбаев-Қасенов, Кеңесбай.
Кездесу барысында командалар тартысты ойын өткізді. Бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ.
Екінші кезеңде «Катовице» ойыншысы Райан Кук 35-минутта есеп ашып кетті. Одан кейін «Номад» сапынан Максим Мусоров 37-минутта таразы басын теңестірді.
Үшінші кезеңде Олег Бойко 41, Алан Гатиягов 53-минутта елордалық клубтың басымдығын арттыра түсті.
Осылайша «Номад» қарсыласын 3:1 есебімен тізе бүктіріп, Құрлықтық кубок ойындарының жеңімпазы атанды.
Айта кетсек, алғашқы екі ойында елордалық клуб жеңіске жетті. Алдымен «Хернинг Блю Фокс» (Дания) клубынан 5:2 есебімен басым түссе, одан кейін Уэльстің «Кардифф Девилз» клубын 7:2 есебімен сүріндірді.
Құрлықтық кубок Халықаралық шайбалы хоккей федерациясы аясында 1997 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қазірге дейін еліміздің атынан қатысқан Көкшетаудың «Арлан» командасы 2018/2019 жылғы турнирде бас жүлдені жеңіп алды.
Әр жылдарда «Бейбарыс» (Атырау), «Сарыарқа» (Қарағанды), «Номад» (Астана) екінші орынға жайғасса, «Қазцинк-Торпедо» (Өскемен) қола жүлдегер атанған еді.