20 Маусым 17:44
...

Зейнеткер куәгерден күдіктіге неге айналды?

Бұрынғы бухгалтер
Фото: delfi.lt

Жамбыл облысында ЖШС-ның бұрынғы бухгалтері ірі көлемде қаржы жымқырды деген күдікке ілінген.

Алматы, NEGE. Күдіктінің адвокаттары мен туыстары қылмыстық істің жан-жақты тергелуін талап етуде, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, әйелге қатысты іс ол зейнетке шыққаннан кейін 2 жылдан соң қозғалыпты. 65 жастағы әйел алғашында куәгер ретінде шақырылып, кейін күдіктіге айналған. Оған «ақша жымқырды» деген айып тағылған. Телеарна тілшілері берген ақпаратқа сай, іс қозғалған уақытта әйел мекемеде жұмыс істемеген-міс. Қазір күдікті үйқамақта отыр. Зейнеткердің адвокаттары оның денсаулығы нашарлап, аяғынан жүре алмай қалғанын айтты. «Тергеу біржақты жүргізіліп жатыр, қорғаушы тарапының барлық дәлелі мен айғағы жоққа шығарылуда... Клиентіміздің кінәсіздігін растайтын қылмыстық іс материалдары жоқ», – дейді адвокат Георгий Книжин.

Сондай-ақ күдіктінің туыстары оның денсаулығына алаңдап отырғанын жасырмады. «Аяқтарына зақым келген. Осындай науқас адамды тергеу изоляторына қамаған. Ол жақта 2,5 ай бойы болған. Аяғы іріңдеп кетті. Әлі күнге дейін емдей алмай келеміз. Алайда аталған іс бойынша бірінші фигурант бірінші сот отырысында-ақ бірден үйқамаққа алынған», – деп баяндады күдіктінің туысы Игорь Масленко.

Қорғаушы тараптың сөзіне сенсек, оларда әйелдің кінәсіздігін дәлелдейтін сараптамалар бар. Ал құзырлы органдардың өкілдері тергеу мүддесіне орай өзге ақпарат жария етілмейтінін жеткізген. «Оның әрекеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің тиісті баптарына сәйкес квалификацияланған. Қазіргі уақытта қылмыстық істің тергеуі аяқталып қалды», – деп хабарлады Жамбыл облысы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеу басқармасының бастығы Сәкен Байталиев.