Зүлфия Чиншанло Токио Олимпиадасының қола жүлдесіне ие болды

Лондон Олимпиадасының чемпионы Зүлфия Чиншанло Токио төрінде де тамаша өнер көрсетті. Ол осылайша Қазақстан қоржынына үшінші қоланы қосты.

Алматы, NEGE. Зүлфия жайлы қазақстандық қана емес, әлемдік БАҚ-та жиі жазылды. Бір кездері 20 жасар бойжеткеннің Лондондағы шеберлігіне талайлар тәнті болды. Тіпті, қытайлық журналистер «отандасымыз қайтып оралды. 2016 жылғы Рио олимпиадасына Қытай туының астында барады» деп ақпарат таратқан-ды.

Жалпы, Чиншанло 2008 жылдан бері ауыр атлетикадан ҚР Ұлттық құрама командасының мүшесі. Қаншама байрақты бәсекеде ел намысын қорғап, талай рет алтыннан алқа тақты. 2009, 2011 және 2014 жылғы әлем чемпионатында ешкімге дес бермеді. Бірнеше мәрте әлем рекордын жаңартқаны тағы бар. 

Токиодағы додада да алтын алар деп ел үміт артқаны рас. Шыны керек, қарсыластар өте жоғары дайындықпен келгені байқалды. Барын салған Зүлфия тағы бір олимпиадада жүлде алды. Бұл жолы – қола.

Қазақстандық спортшы қоссайыс қорытындысы бойынша 213 келіні бағындырды. Ол жұлқа көтеруде 90, серпе көтеруде 123 келіні көтерді. 

Бұл салмақта алтын медальді Филиппин өкілі Хидилин Диас (224 келі) еншілесе, күмісті қытайлық Ляо Кюн (223 келі) иеленді. 

Осылайша, Токио Олимпиадасына аттанған екі зілтеміршіміз де қола медаль тағынды. 

Қазір оқып жатыр

«Ареке, дос болайық»: Журналист Арай Есенбектің ісі бойынша тың мәлімет шықты

Айдын Рахымбаев математика пәнінің мұғаліміне BI-дың акциясын сыйлады

«Әділет» партиясының қатарына онлайн түрде қосылуға болады

Ержан Бабақұмаровты өлтірген ер адамға үкім шықты