Жұмыста жоқ медбике мен психологқа айлық төленіп келген
Жамбыл облысы Тараз қаласында басқа жақта жұмыс жасаса да, мектептен айлық алып отырғандар анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы, NEGE. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірлесе орта білім беру мекемелерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізді. Жүргізілген мониторинг жұмыстары Тараздағы № 34 мектепте мүдделер қақтығысы орын алғандығын көрсетті. «2018 жылдың 2 тамызында № 163 Еңбек шартына сәйкес № 34 мектеп директоры Нуралиева Динара Хатамқызы «электрик» қызметіне Маметов Руслан Тахировичті жұмысқа қабылдаған. Сол уақыттан бері Р. Маметов бюджет қаражаты есебінен айма-ай электрик қызметінің жалақысын алып келеді (бір айлық еңбекақы 56 258 теңге). Алайда мониторинг жұмыстары Р. Маметов № 34 мектептен бөлек өнеркәсіптік ауқымда күн және жел электр станцияларын жөндеумен, техникалық қызмет көрсетумен және пайдаланумен айналысатын «ECAP Services Kazakhstan» компаниясында 2015 жылдан бері «вахталық» әдіспен жұмыс жасайтыны анықталды», - делінген Жамбыл облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің хабарламасында. Осылайша, Р. Маметов әр ай сайын 15 күнге Жуалы ауданына «вахталық» жұмыс істеуге кетіп отырған. Айталық, өткен жылдың қараша айының 15-і мен 30-ы аралығында Р. Маметов Жуалы ауданында жұмыста болған. Жұмыс уақыты 9:00-ден 20:00-ге дейін. Дегенмен, № 34 мектептің есеп бөлімінен алынған қызметкердің уақытты есептеу табеліне сәйкес Р.Маметов сол қараша айының 15-і мен 30-ы аралығында 7 сағаттық толық жұмыс жасады деп көрсетілген. Дәл осындай жағдай барлық айда қайталанып келген. Сондай-ақ, мониторингілік топ аталған мектепте жұмыс жасайтын тағы екі қызметкердің жұмыс графигіне күмән келтірген. Олар – медбике Л. Мухазова және психолог Д. Камалова. «Жүргізілген мониторинг Л. Мухазова Тараз қалалық № 6 емханада жұмыс жасайтындығын, ал Д. Камалова Жошыбаев атындағы кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығында жұмыс жасайтындығын көрсетті. Осыған орай Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасына анықтамада көрсетілген барлық фактілер бойынша тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізіп, жауапты қызметкерлерге шара қолдануды ұсынамыз», -дейді «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Назима Жұбандықова.