«Жұмыста қысым болған»: Көкшетау соты қызметкерінің қазасы туралы құзырлы орган не дейді?

Ақмола облысында Көкшетау қалалық соты әкімшілігінің басшысы қызметін атқарған 27 жастағы Аян Дүйсековтің өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Аян Дүйсеков/facebook.com

Астана, NEGE. Аян Дүйсеков қыркүйекте қайтыс болған. Отбасы Дүйсековтің соңғы айларда жұмыста моральдық және психологиялық қысымға ұшырағанын мәлімдеді.

«Оған өз міндетін тыныш атқаруға мүмкіндік бермеген. Оған әділетсіз тәртіптік жаза қолданылды деп санаймыз. Бұған қоса, қызметтік пәтерде небәрі бірнеше ай тұрғаннан кейін оны мәжбүрлеп шығару мәселесі көтерілді. Біз осы жағдайлардың әрқайсысын тексеруді талап етеміз», – деп жазды Threads желісінде Жанар есімді қолданушы.

Туыстары марқұмға қысым көрсетілген-көрсетілмегенін, заңсыз немесе негізсіз талаптардың болған-болмағанын, еңбек құқықтарының қаншалықты бұзылғанын және бұл жағдайлардың оның психологиялық жағдайына қалай әсер еткенін анықтауды талап етті.

Құзырлы органдар не дейді?

Осы мәлімдеме негізінде NEGE редакциясы мән-жайды білу үшін прокуратураға бірнеше сұрақтан тұратын ресми сауал жолдады. Прокуратура жауабында 2026 жылғы 13 қыркүйекте Аян Дүйсековтің өлімі бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабының 1-бөлігімен «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғаны айтылған.

Прокуратураның тапсырмасымен тергеу ісі әрі қарай жүргізілу үшін облыстық полиция департаментіне берілген, істің тергелу барысын прокуратура бақылауға алған.

«Қылмыстық процеске қатысушылар келтірген барлық уәж толық, жан-жақты және объективті түрде тексерілуде», – деп хабарлады прокуратура.

Ведомство істің маңызы бар мән-жайларын анықтау үшін қажетті ақпарат пен материалдар сұратылып, тиісті процессуалдық әрекеттер жүргізіліп жатқанын атап өткен.

Сонымен қатар Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етуге жатпайтынын алға тартып, біз жолдаған сұрақтарға толымды жауап бермеді.