Жұмыссыздарға бизнес бастау үшін мемлекеттен 1,7 млн теңге грант беріледі

2026 жылы әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін 400 АЕК-ке дейінгі мөлшерде, яғни 1 730 000 теңге көлемінде 9 мың мемлекеттік грант беру көзделген.

magnific.com

Астана, NEGE. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, бұл шара халықтың кәсіпкерлік белсенділігін қолдау мақсатында қолға алынып отыр.

Өтінім Business.enbek.kz порталы арқылы қабылданады.

Грант алу үшін бірқатар шартты сақтау қажет. Оған ресми тіркелген жұмыссыздар және жеке кәсіпкерлер үміткер бола алады.

Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың біріне жатуы тиіс:

  • мүгедектігі бар адамдар;
  • қандастар;
  • өңіраралық қоныс аударушылар;
  •  аз қамтылған отбасы мүшелері;
  • көпбалалы отбасы мүшелері;
  • мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-ана;
  • асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.

Үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқығандығы туралы 3 жылдан аспайтын мерзімде берілген сертификаты болуы тиіс.

Грант бір рет беріледі және шағын бизнесті іске қосуға бағытталған. Қаражатты құрал-жабдық, техника, шикізат сатып алуға немесе кәсіпті дамытуға жұмсауға болады.

Гранттарды Еңбек мобильділігі орталықтары үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі комиссияның шешімімен тағайындайды.

Айта кетейік, жыл басынан бері «Бастау Бизнес» жобасы аясында 16,9 мың адам оқытылып, оның 7,3 мыңы оқуын аяқтап, сертификат алған. Бұл жобаға қатысу үшін Skills Enbek платформасы арқылы өтінім беріп, қажетті курсты таңдау қажет.

Қазір оқып жатыр

20 мамырда Парламент Палаталарының бірлескен отырысы өтеді

Атырау облысындағы отбасы қазасы: прокурор оқиғаның мән-жайын айтып берді

Астанадан үш есе қалып қойды. Айдын Рахымбаев үшін Алматы НЕГЕ қызық емес?

Енді басқа емханаға кез келген уақытта ауысуға болады