13 февраля 2026 г. 14:37

Жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы қашан басталады?

Фото: NEGE

Жұмыс істейтін жастарға арналған сатып алу құқығынсыз берілетін жалдамалы пәтер бағдарламасы уақытша тоқтатылған.

Алматы, NEGE. Уәкілетті орган NEGE-нің ресми сауалына қазіргі уақытта жаңа өтініштерді қабылдау мәселесі қарастырылмайтынын мәлімдеді.

Ал бұл бағдарламамен пәтер алған жастардың алғашқы легі 5 жыл мерзімнің өтуіне байланысты баспаналарын босатып берген.

Бағдарлама қайта іске қосыла ма?

Аталған бағдарламаны Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірлеген. Ресми мәліметке сәйкес, legalacts.egov.kz порталында осы бағдарлама аясында тұрғын үй беру қағидаларын реттейтін бұйрықтың күшін жоюды көздейтін нормативтік-құқықтық актінің жобасы жарияланған. Соған байланысты жаңа өтініштер қабылдау мәселесі әзірге күн тәртібінде жоқ. Яғни, жақын уақытта бағдарлама қайта ашылады деп айтуға негіз жоқ.

Жалдамалы пәтер бағдарламасы 2019 жылы бекітілген ережелерге сәйкес 5 жыл мерзімге берілетін. Алайда 2023 жылы енгізілген өзгерістер нәтижесінде жалға алу мерзімі 3 жылға дейін қысқартылды.

Фото: Pixabay

Бағдарлама «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңға сәйкес іске асырылады.

Құжатқа сәйкес, өңірлік әкімдіктер жастарға сатып алу немесе жекешелендіру құқығынсыз жеңілдікпен жалға берілетін тұрғын үй бағдарламаларын әзірлеп, оны бюджет есебінен жүзеге асырады.

Барлық қатысушылармен сатып алу құқығынсыз жалдау шарты жасалған. Шарт талаптарына сәйкес, жалға алушы мерзім аяқталған соң немесе келісім мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, пәтерді 10 күн ішінде қайтаруға міндетті.

Азаматтық кодекске сәйкес, тараптар қол қойған кезден бастап шарт заңды күшіне енеді және ол орындалуы тиіс.

Өткен жылы жалдамалы пәтер алған жастардың алғашқы легі 5 жылдық мерзім аяқталған соң баспаналарын босатты. Алайда олардың бір бөлігі мерзімді ұзартуды немесе пәтерді жеңілдікпен сатып алу мүмкіндігін сұрап, үндеу жасаған еді.

«Қолданыстағы ережелерге сәйкес, тұрғын үйлер кезең-кезеңімен босатылады. Егер жалға алушы баспананы босатудан бас тартса, дау сот тәртібімен шешіледі», – делінген хабарламада.

Босатылған пәтерлер ары қарай қандай мақсатта қолданылады?

Босатылған пәтерлер Алматы қаласында тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған азаматтарға қайта бөлінеді.

Қайта бөлу тәртібі бекітілгеннен кейін ғана пәтерлер жаңа иелеріне беріледі.

Мемлекеттік бағдарлама бойынша берілетін жалдамалы тұрғын үйді кейін сатып алу мүмкіндігі қарастырылмаған. Қазіргі уақытта бағдарлама шарттарын өзгерту жоспарда жоқ. Жалға алу мерзімі аяқталған соң, жастар басқа мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатысуға немесе екінші деңгейлі банктер арқылы баспана алу жолдарын қарастыруға тура келеді.