Жұмасұлтанов түрмеге түсуге дайын
Bek Air әуекомпаниясының басшысы Нұрлан Жұмасұлтановтың YouTube арнасында сұхбаты жарияланды. Онда ол 27 желтоқсан күні Алматы әуежайы маңында құлаған Fokker-100 жолаушылар ұшағына қатысты және жеке басының жауапкершілігі жайлы айтады.
Алматы, NEGE. Тілшінің «Жауапкершілікті арқалауға дайынсыз ба?» деген сұрағына Жұмасұлтанов «әр нәрсеге дайынмын» деп жауап берген.
«Егер Bek Air әуекомпаниясынан біреу жазалануы керек деген мәселе тұрса, жазаны мен арқалауға дайынмын. Өз аяғыммен барып, бәрін мойныма алам. «Міне, мені қамаңдар, басқаларға тиіспеңдер» деймін» деді Н.Жұмасұлтанов.
Әуе компаниясы басшысының пайымдауынша, ұшақта ешқандай ақау болмаған. "Егер әлгі үй ұшақ жолына тым жақын салынбағанда, мұнша адам қаза таппас еді" дейді ол. Жұмасұлтановтың сөзіне қарағанда, ұшақ соғылған үй бетон қоршаудан небәрі 9 метр жерде тұрған.