23 декабря 2025 г. 14:50

Жұманғарин өзін «салық реформасының әкесі» дейтіндермен келісетінін айтты

Фото: primeminister.kz

Үкіметте өткен брифингте премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннен БАҚ өкілдері жаңа салық реформасын қабылдаудың ықтимал жағымсыз салдарына кімнің жауапты екенін сұрады.

Астана, NEGE. Серік Жұманғарин журналистерге берген жауабында жүргізіліп жатқан салық реформасы мен үкіметтің жалпы экономикалық және қаржылық саясаты үшін жеке өзі жауапты екенін айтты.

«Бұл реформа үшін жауапкершілікті өз мойныма аламын. Әріптестерім де өз саласы бойынша жауап береді. Алайда Үкіметтегі экономикалық және қаржылық саясаттың жалпы үйлестірілуі маған жүктелгендіктен, ол үшін де мен жауаптымын. Оның үстіне, жуырда біреу мені осы "салық реформасының әкесі" деп атады. Солай-ақ болсын», – деп жауап берді ол.

Жұманғарин жүргізіліп жатқан өзгерістердің эксперимент еместігін әрі олардың нақты есептеулер мен халықаралық тәжірибеге негізделгенін атап өтті.

«Бұл, ең алдымен, кофе қалдығына қарап бал ашу емес. Мұны әзірлеу барысында институттар мен осы саладағы ең білікті мамандар жұмыс істеді», – деп жауап берді вице-премьер.

Оның айтуынша, басқа елдерде мұндай реформалар ұзақ талқыланбай-ақ қабылданып жатыр.

«Ресей Федерациясында жаңа жылдан бастап ҚҚС 20 пайыздан 22 пайызға өседі. Ал өткен жылы олар корпоративтік табыс салығын 20 пайыздан 25 пайызға көтерді. Жалпы алғанда, бұл – әлемдік тәжірибеде қалыпты құбылыс.

Ал Қазақстанда біз ашық әрі халықтың пікіріне құлақ асатын мемлекет болғандықтан, бұл реформаны бір жыл бойы сіздермен, бизнеспен және басқа да тараптармен талқылап келеміз. Басқа елдерде мұндай реформалар өте жылдам қабылданып, әрі қарай іске асырылады», – дейді Серік Жұманғарин.

Айта кетейік, бүгінгі үкімет отырысында 2026 жылдан бастап микро және шағын бизнеске салық қысымы азаятыны белгілі болды.