Жұманғарин Алматыдан бизнестің жаппай көшу қаупін жоққа шығарды

Қазақстанда салық мөлшерлемесінің әр өңірде әртүрлі болуы кәсіпкерлердің жаппай қоныс аударуына әкелмеген. 

freepik.com

Астана, NEGE. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді.

«Ағымдағы кезеңде мөлшерлемелердегі айырмашылықтарға байланысты бизнеспен өңірлер арасындағы жаппай миграция қаупі жоқ екендігін атап өткен жөн», – делінген Жұманғариннің жауабында.

Вице-премьер мысал ретінде 2024 жылғы жағдайды келтірді. Сол кезде Алматыда бөлшек сауда салығының мөлшерлемесі 4%, Астанада 3%, ал Қарағанды облысында 2% болған. Алайда Алматыдан салығы төмен өңірлерге кәсіпкерлердің жаппай ауысуы тіркелмеген.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жеңілдетілген декларация бойынша салық мөлшерлемесін өңірлерге қарай белгілеу тәртібі сақталды. Соған қарамастан, үкімет кәсіпкерлердің басқа өңірлерге жаппай қайта тіркелу белгілерін байқамаған.

Биылғы бірінші жартыжылдықта салық төлеушілердің декларацияда көрсеткен табысы:

  • Астанада – 23,2%-ға;
  • Қарағанды облысында – 23%-ға;
  • Алматыда – 18,3%-ға өскен.

Дегенмен билік нақты қорытынды жасау үшін 2026 жылдың толық нәтижесін талдау қажет екенін атап өтті.