Жұлдыздар сұлулықтың құпиясымен бөлісті
Қазақстандық және шетелдік жұлдыздар сырт келбетінің мінсіз болуы үшін тыным таппай еңбектенеді. Өнер иелері күнделікті тұрмыста қолданылатын қолжетімді дүниелердің де пайдасы зор екенін айтады. Сонымен, табиғат берген келбетіңізді қалай сақтауға болады? Сұлулығыңызды одан сайын ажарландыру үшін не істеу керек?
Әлемдік топ-модель Миранда Керр шашын нәрлендіру үшін ас үйдегі сірке суын қолданады екен. Сусабыннан кейін, бір-екі тамшы сірке суын қолданып, шашыңызды шайсаңыз, керемет нәтижеге қол жеткізесіз.
Танымал сәнбике Кейт Мосс көкеністердің де бет күтіміне зор ықпалы бар екенін айтады. «Таңертең шаршаңқы, ісіңкі бетпен оянсам, салқын суға қиярды кесіп салып, дайындалған суға бетімді жуамын. Мұз бен қияр бетті тартып, жылтыр етіп әрі өзіңді жақсы сезінуге мүмкіндік береді», - дейді бикеш.
Шетелдік жұлдыздармен қоса, еліміздегі өнер өкілдері де өз құпияларымен бөліседі. Үнемі басы дауға қалатын Кәмшат Жолдыбаева өнерімен ғана емес, дене бітімімен де таңғалдырып жүр. Әнші бет терісі құрғақ болса да косметолог мамандарға бармастан, бетке арналған масканы үй жағдайында әзірлейді екен. 1 шай қасық какао мен сол көлемдегі зәйтүн майын араластыру арқылы жасайды. Дайын болған қоспаны бетке жағып, 20 минут ұстау керек.
Қазақтың ерке қызы, ҚР Халық әртісі Мақпал Жүнісова күнделікті бет терісіне жұмыртқаның ағын жағатынын айтты. Ешқандай масканың әсері дәл осы қарапайым ағуызға жетпейді дейді. Ол бетті ылғалдандырып, әжімдердің де азаюына көмектеседі.
Белгілі сәнгер Жадо ханым шетелдік маскаларға сенбейтінін айтады. Ол табиғи өнімдердің пайдасы көп екенін тілге тиек етті. Табиғи айран, үйдің қаймағы, жалпы сүт өнімдерін пайдалануды сәнгер әдетке айналдырған.
Қазір сұлулықтың күтімі жайлы білгіңіз келсе, ғаламтордың бір нүктесі арқылы көптеген ақпарат ала аласыз. Дегенмен, олардың бәрі сенімді деп айта алмаймыз. Оны пайдаланып, өкініп жатқандар аз емес. Сондықтан, біз нәзік жандылар үшін арнайы іс-тәжірибеден өткен бірнеше тәсілді ұсынып отырмыз. Қажетіңізге жаратып, кәдеңізге асырыңыз, құба-құп.