Қытайдан шыққан жүк Қазақстанда неге жоғалады?

Қазақстанда транзиттік жүк көліктерінің қозғалысын электронды пломбалар мен жол бойындағы камералар арқылы бақылайды. Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің айтуынша, бұл жүйе жүкті шекараға жетпей түсіріп кету сияқты заңбұзушылықтардың алдын алуға көмектеседі.

gov.kz

Астана, NEGE. Қаржы министрі бұған дейін құжаттарда жүк Ресейге жеткізіледі деп көрсетіліп, іс жүзінде Қазақстанда түсірілетін немесе арзан тауардың орнына қымбат өнім тасымалданатын жағдайлардың кездескенін растады. 

Оның сөзінше, өткен жылы транзиттік жүктерді бақылау үшін «Цифрлық Жібек жолы» жүйесі іске қосылған.

«Өткен жылы “Цифрлық Жібек жолы” жобасын іске қостық. Электронды пломбалар мен камералар арқылы жүк көліктерін бақылаймыз. Жол бойындағы бекеттерде, тасжолдарда және жанармай құю станцияларында орнатылған камералар ортақ базаға қосылған. Осылайша, жүк көлігінің Қазақстан аумағындағы қозғалысын шекарадан шыққанға дейін қадағалай аламыз», – деді министр.

Құрылтай отырысынан кейінгі брифингте сала министрінен Қазақстандағы көлеңкелі экономиканың жалпы үлесі жайлы да сұралды. Министрдің мәліметінше, бұл көрсеткіш 4,5 пайызды құрайды. Оның сөзінше, көлеңкелі экономиканың үлесі жыл сайын азайып келеді.