Машинист айдалада жалғыз жүрген кішкентай бала үшін пойызды тоқтатуға мәжбүр болған
20 қыркүйекте сағат 12:30-да Сарыөзек – Үштөбе бағытында кетіп бара жатқан жүк пойызының машинисі Тауарасы – Айнабұлақ аралығында иен далада жалғыз жүрген баланы байқап қалған.
Астана, NEGE. «Қазақстан темір жолы» компаниясы өкілдерінің хабарлауынша, төрт жасар бала Айнабұлақ станциясына қарай жалғыз кетіп бара жатқан.
Шамамен 38 км/сағ жылдамдықпен келе жатқан машинист қызметтік тежеуді қолданып, пойызды тоқтатып, баланы ертіп келіп, локомотив кабинасына мінгізіп алған.
Кейін бұл жайт туралы пойыз диспетчеріне хабарлап, баланы ата-анасымен байланыс орнатқан Айнабұлақ станциясының кезекшісіне табыстаған.