«Жұбайымның табысын білмеймін»: азаматша Конституциялық сотқа жүгінді
Конституциялық сот ерлі-зайыптылардың банк құпиясына қол жеткізуін шектеудің Конституцияға сәйкес келетін-келмейтінін тексереді.
Астана, NEGE. Конституциялық сот азаматшадан «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заңының 50-бабы 4-тармағының Конституцияға сәйкес келетінін-келмейтінін тексеру туралы өтінішті қабылдады.
Сот өкілдерінің түсіндіруінше, дауланып отырған нормаға сәйкес, банк құпиясы клиентке ғана, шот (мүлік) иесінің жазбаша келісімі негізінде немесе шот иесінің сәйкестендіру құралы арқылы кез келген үшінші тұлғаға ашылуы мүмкін.
«Өтініш беруші ажырасқаннан кейін ортақ мүлікті бөлу туралы талап-арызды дайындау барысында бұрынғы жұбайының некеде болған кезіндегі қаржылық жинақтары туралы ақпаратты ала алмаған. Оның пікірінше, қолданыстағы норма ерлі-зайыптылардың біреуін бірлескен жинақтар туралы ақпаратқа қол жеткізуден айырады және ерлі-зайыптылардың ортақ меншігіндегі үлеске құқықты іске асыруға кедергі келтіреді», – делінген Конституциялық сот хабарламасында.
Сот өкілдері тексеру қорытындылары туралы ақпаратты кейінірек жариялауға уәде етті.