Жолдау: инфрақұрылымдық жаңғыру және Қазақстанның транзиттік әлеуеті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін бірқатар басымдық айқындалды. Соның ішінде инфрақұрылымды жаңғырту, өңірлердің әлеуетін арттыру және көлік-логистика саласын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Айсұлу Қоспанова

Астана, NEGE. Президент 2027 жылды Жалпыұлттық құрылыс жылы деп жариялауды ұсынып, «Халықтық құрылыс» бастамасын көтерді. Сонымен қатар 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл қаражат өңірлердегі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталмақ.

«Аталған бастамалар аймақтардың инфрақұрылымын жаңартып, олардың даму мүмкіндіктерін кеңейтуге және тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бөлінетін қаражаттың нәтижесінде өңірлерде халықтың сұранысына сай жаңа нысандар салынып, маңызды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асады», – дейді саясаттанушы Айсұлу Қоспанова.

Инфрақұрылымдық жаңғыру ең алдымен тұрғындардың күнделікті өміріне әсер етуі қажет. Мәселен, медициналық мекемелердің қолжетімділігі, мектептердің жағдайы, жол сапасы мен ауызсумен қамтамасыз ету мәселелері халықтың тұрмыс сапасын айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі.

Әр өңірдің қажеттілігі де әртүрлі. Шағын ауылдар үшін ауызсу мен жол мәселесі өзекті болса, облыс орталықтарында әлеуметтік нысандар мен көлік инфрақұрылымын дамытуға сұраныс жоғары болуы мүмкін. Сондықтан жобаларды жоспарлау кезінде жергілікті тұрғындардың ұсыныстарын ескеру маңызды.

Ұлттық қор қаражатын пайдалану мәселесінде ашықтық пен тиімділікке басымдық беру қажет. Бұл қор қазіргі ұрпақтың ғана емес, келешек буынның да игілігіне арналған. Сол себепті қаражат нақты экономикалық және әлеуметтік нәтиже беретін жобаларға бағытталуы тиіс. Ал тұрғындардың жобаларды талқылауға және іріктеуге қатысуы өңірлердегі өзекті мәселелерді дәл анықтауға мүмкіндік береді.

Жолдауда көтерілген тағы бір маңызды бағыт – Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі көлік-транзиттік хаб ретіндегі әлеуетін арттыру. Елдің географиялық орналасуы халықаралық тасымал бағыттарын дамытуға мүмкіндік береді.

«Қазақстанның географиялық орналасуы елге үлкен стратегиялық мүмкіндік береді. Бұл әлеуетті тиімді пайдалану үшін көлік-логистика саласын кешенді дамыту маңызды. Халықаралық жүк жөнелтушілер бағыт таңдағанда ең алдымен тасымал құнына, жеткізу жылдамдығына және қызмет сапасының тұрақтылығына мән береді. Сондықтан жаңа теміржол желілері, әуежайлар мен автомобиль жолдарын дамыту тиімді кедендік рәсімдермен, цифрлық құжат айналымымен және көршілес мемлекеттермен үйлесімді жұмыс істеумен қатар жүруі қажет», – дейді Айсұлу Қоспанова.

«Қазіргі геосаяси жағдайда және жаһандық сауда бағыттары өзгеріп жатқан кезеңде бизнес балама логистикалық бағыттарға қызығушылық танытып отыр. Бұл Қазақстанға Қытай, Орталық Азия, Каспий өңірі мен Еуропаны байланыстыратын транзиттік бағыттардағы әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Осы ретте көлік дәліздерінің бәсекеге қабілеттілігін күшейту, шекара өткелдеріндегі рәсімдерді оңтайландыру, порттардың мүмкіндіктерін кеңейту және логистикалық қызмет сапасын жетілдіру маңызды», - деп жалғастырды сарапшы.

Халықаралық көлік дәліздерін дамытумен қатар, ішкі жол инфрақұрылымын жаңғырту да ерекше маңызға ие. Бұл ретте саясаттанушы туған өңіріндегі жол мәселесін мысалға келтірді.

«Солтүстік Қазақстан облысындағы туған Айыртау ауданымның Талшық пен Қашқынкөл арасындағы 30 шақырымдық жол учаскесін жаңғырту қажет. Бұрын Қызылту деп аталған бұл өңірде мыңдаған тұрғын тұрады. Аталған жолды жаңғырту жергілікті халықтың қатынасын жеңілдетіп, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етер еді. Мұндай жобалар елдің басқа өңірлері үшін де маңызды», – дейді маман.

Қазақстанның Еуразиядағы жетекші көлік хабына айналу мақсаты халықаралық транзитті дамытумен қатар, ел ішіндегі жол және көлік инфрақұрылымын жаңғыртумен де сабақтас болуы керек. Өйткені көлік саласындағы жетістіктер халықаралық жүк тасымалының тиімділігін арттырумен бірге, шалғай елді мекендер тұрғындарының да қатынас мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.

«Тағы бір маңызды бағыт - транзиттік тасымалдан түсетін экономикалық пайданы арттыру. Ол үшін көлік бағыттарының бойында өңдеу кәсіпорындарын, қойма инфрақұрылымын және сервистік компанияларды дамыту қажет. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға, отандық өндірісті қолдауға және қосылған құнды ел ішінде қалыптастыруға мүмкіндік береді», – дейді Айсұлу Қоспанова.

Саясаттанушының пікірінше, Қазақстанның көлік саясатының тиімділігін халықаралық транзит көлемімен қатар, оның отандық экономикаға қосқан үлесі, өңірлердің даму қарқыны және азаматтардың күнделікті өміріне тигізген оң әсері арқылы бағалау маңызды.