Жолаушы қаза болды: Ұшақ Алматыға шұғыл қонды
Lufthansa әуе компаниясының ұшағы борттағы төтенше жағдайға байланысты Алматыға шұғыл қонуға мәжбүр болды.
Астана, NEGE. Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мәліметінше, 26 желтоқсанда Мюнхен – Пекин бағыты бойынша ұшып шыққан Lufthansa әуе компаниясының LH 0722 рейсінде жолаушылардың бірінің жағдайы күрт нашарлап, есінен танып қалған.
«Әуе кемесінің экипажы Алматы халықаралық әуежайына шұғыл қону туралы шешім қабылдады. Ұшаққа жедел түрде әуежайдың медициналық қызметі мен қалалық жедел жәрдем бригадасы жіберілді», – делінген хабарламада.
Медициналық қызметкерлер жолаушының ұшу барысында көз жұмғанын анықтаған.
Әуе кемесі Алматыда жанармай құйып, сағат 7:56-да межелі әуежайға қарай қайта ұшып шыққан.
Көліктегі полиция департаменті бұл факт бойынша Алматы қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімі қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.
«Алдын ала болжам бойынша өлімнің себебі – жедел жүрек жеткіліксіздігі. Кенеттен қайтыс болған азамат шет мемлекеттің азаматы болған.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде», – деп мәлімдеді ведомсвоның баспасөз қызметі.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмеді.