Жоғары сапалы әк шығаратын зауыт іске қосылды
Бұған дейін Қазақстан бірінші сұрыптағы сапалы әкті шетелден әкелетін. Енді отандық жаңа зауыт жылына 330 мың тонна дайын өнім шығаратын болады.
Жоғары сапалы әк қара және түсті металлургия, сондай-ақ шыны өнеркәсібі үшін маңызды құрамдас бөлік. Сондай-ақ, жоғары сортты әкті жылу электр станцияларының түтін газдарын тазарту үшін де пайдалануға болады. Яғни, бұл біздің қалалардағы ауа мен қоршаған ортаның шамадан тыс ластанбауына септігін тигізеді.
Зауытты Saryopan Operating компаниясы Сarmeuse Group трансұлттық компаниясының қолдауымен Қарағанды облысының Осакаров ауданындағы Сарыопан кен орнында салды. Жалпы инвестиция көлемі шамамен 30 млрд теңгені құрады. Бұған Қазақстанның тұрақтылық қоры да «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында серіктес банк арқылы пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы жобаны қаржыландыруға қатысты.
«Жоба 2015 жылы басталды. Арада 8 жыл өтіп, тұтас бір зауытты іске қостық», – дейді Saryopan Operating компаниясының негізін қалаушы Жұмабек Жанықұлов.
«Зауыт Қазақстанның әктасқа деген барлық қажеттілігі мен сұранысын қанағаттандырады. Сонымен бірге Carmeuse Group компаниясының озық технологияларын енгізу арқылы қоршаған ортаға келетін залалды төмендетеді. Біз «Қарапайым заттардың экономикасы» бағдарламасы аясындағы жеке инвестиция мен мемлекеттік қолдаудың арқасында маңызды жобаны іске қостық», – деді Жұмабек Жанықұлов.
Жаңа зауыт 200-ден астам жұмыс орнын ашып, өңір бюджетіне салық түсімдерін арттыруға мүмкіндік береді. Өндіріс аясында Қарағанды облысы экономикасының дамуына мультипликативті тиімділік беретін іргелес салалардың инфрақұрылымдық тізбегі салынады.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы әлеуметтік маңызы бар тұтыну тауарлары мен азық-түлік импортын алмастыруға қаржылық қолдау көрсету мақсатында құрылған. Бағдарлама өндіріс, қызмет көрсету және агроөнеркәсіптік салалардағы кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді.
«Қарапайым заттар экономикасына» еліміздің 10 ірі банкі мен Ауыл шаруашылығы несие корпорациясы қатысып отыр. Бұл туралы ақпарат бағдарламаға арналған арнайы веб-сайтында жарияланған. Онда ыңғайлы несие калькуляторы бар және кәсіпкерлік субъектілеріне қажетті мәліметке қаныға аласыз.