Жоғарғы соттың 16,6 млн азаматтың жеке дерегін қамтитын дерекқоры сатылымға шығарылғаны рас па?
Даркнетте Қазақстан Жоғарғы сотының (Sud.kz) 507 млн жазбадан тұратын ықтимал дерекқоры сатылымға шығарылғаны туралы ақпарат тарады. Белгісіз сатушы ақпарат үшін 50 мың доллар (шамамен 22,2 млн теңге) сұраған.
Астана, NEGE. SOCRadar Dark Web командасының мәлімдеуінше, Brose бүркеншік атымен тіркелген сатушы дерекқорда 2014-2026 жылдар аралығындағы ақпарат бар екенін, мәліметтер базасы 186 кестеден тұратынын жарнамалаған.
Сатылымға қойылған ақпарат арасында 16,6 млн азаматтың жеке деректері, сот істеріне қатысушылар туралы 13,3 млн жазба және компанияларға қатысты 6,8 млн жазба бар екені айылған. Сондай-ақ дерекқорда азаматтардың жеке сәйкестендіру нөмірлері (ЖСН), паспорт деректері, сот құжаттары, құпиясөздердің хештері, әкімшілік аккаунттардың деректері, сессия токендері мен төлем ақпараты болуы мүмкін.
Мамандар деректердің шынайылығы расталған жағдайда, олардың таралуы жеке мәліметтерді ұрлау, қаржылық алаяқтық жасау, аккаунттарға заңсыз қол жеткізу және құпия сот құжаттарын теріс пайдалану қаупін тудыратынын ескертеді.
Ақпарттың анық-қанығын білу үшін редакция Жоғарғы сотқа хабарласты. Сот өкілдері болжамды деректердің таралуына қатысты ақпаратты уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп тексеріп жатқанын хабарлады.
«Сот органдарының бірыңғай порталы ақпараттық қауіпсіздік пен дербес деректерді қорғаудың заманауи талаптарын ескере отырып әзірленген. Сондай-ақ ол ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі бойынша қажетті тексерулерден өткен», – деп хабарлады Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.
Сондай-ақ сот өкілдері азаматтардың дербес деректерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты басымдық екенін атап өтті.