Житомир облысында екі украин ұшағы соқтығысып, ұшқыштар қаза болды

Украинаның Житомир облысында әскери тапсырмаларды орындау кезінде Украина әуе күштерінің L-39 екі жаттығу-әскери ұшағы соқтығысып, үш ұшқыш қаза болды, деп жазды azattyq.org.

Алматы, NEGE. Әуе күштерінің хабарлауынша, қаза болғандар арасында Украина тактикалық авиация бригадасының ұшқышы Андрей Пильщиков та бар. Ол былтыр ақпан-наурыз айларында Киевтің әуе қорғанысына қатысып, танымал бола бастаған.

Украина және Батыстың ақпарат құралдарына берген сұхбатында ол Украинаға соңғы үлгідегі жойғыш ұшақтарын беруге талай үндеген.

Екі ұшақ жеке үйдің бау-бақшасына түскен. Үй мен апат болған орын арасы шамамен 300 метр. Жергілікті тұрғындардан ешкім зардап шекпеген. Украинаның мемлекеттік тергеу бюросы апаттың жай-жапсарын зерттейді. Ұшақтардың техникалық жағдайы мен ұшқыштарды дайындау ережесін сақтау мәселесіне ерекше назар аударылмақ.