Жыл сайын донор күткен 100 адам көз жұмады
Кезекте тұрған 100 қазақстандық донор ағзасын күтіп, көз жұмады. Себебі, Қазақстанда донор ағзасы тапшылығы мәселесі өте өзекті. Бұл туралы Трансплантацияны үйлестіру және жоғары технологиялық медициналық қызмет жөніндегі республикалық орталық директорының міндетін атқарушы Әділ Жұмағалиев хабарлады.
Алматы, NEGE. «Күн сайын көрсеткіш өзгеріп отыр. Күту парағында 3128 адам бар. Жыл сайын 100 адам кезегіне жете алмай, көз жұмады. Мәселен, бүйрек алмастыру тізімінде 2706 адам болса, оның 69-ы балалар. Ал бауыр кезегінде – 295 адам, оның алтауы – бала. Соңғы жылдары жүрек алмастыру кезегі де өсті, тізімдегі 120 адамның 13-і бала. Сондай-ақ, 7 адам өкпе ағзасын алмастыру парағына тіркелген», – деді Әділ Жұмағалиев Нұр-Сұлтан қаласында өткен трансплантология мәселесі жөніндегі отырыста.
Айта кету керек, 2017 жылы ағза кезегін күткен 91 адам, 2018 жылы 121 адам көз жұмды. Олар Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облысының азаматтары.
«Бұған сол өңір халқының ақпараттануы мен белсенділігінің жоғары болуы себеп шығар. Оңтүстік өңір жұрты айтарлықтай белсенді емес. Мұны діни тұрғыдағы түсініктермен байланысты деу қате. Себебі, барлық діни ұйымдар бізбен бірге жұмыс істейді, қолдайды. Олар қарсы болған жоқ», – деді Трансплантацияны үйлестіру және жоғары технологиялық медициналық қызмет жөніндегі республикалық орталық директорының міндетін атқарушы Әділ Жұмағалиев.
Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева келтірген мәлімет бойынша, 2019 жылы трансплантация саны төмендеген.
«Егер 2017 жылы өлі донордан 217 трансплантация жасалса, 2018 жылы бұл 180-ге азайды. Ал тірі донордан 2017 жылы – 86, 2018 жылы 32 ота жасалды. Мұның бәрі тегін медициналық көмек пен мемлекет қаржысына атқарылды. Биыл медициналық ұйымдар 3 млрд 202 млн теңге алды», – деді вице-министр.
«Бүйрек алмастыру отасы шамамен 3 млн 200 мың теңге, бауыр алмастыру – 5 млн 800 мың, жүрек – 25 млн теңге болады. Бұл науқастар жергілікті тіркеуі бойынша амбулаторлық деңгейде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Биылдан бастап біз донор ағзасын сатып алу дайындығына кірістік», – дейді Медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры Нұрдан Қасимов.