Жыл басынан бері жеті адам өрттен қаза тапты
Екі аптадан соң күз. Арқада пеш жағу маусымы да ерте басталады. Сондықтан қазір төтенше жағдай қызметінің өкілдері, әкімдік мамандары һәм полициямен бірлесіп, тілсіз жаудың алдын алу бойынша жұмыстарды бастады.
Алматы, NEGE. Бүгіннен бастап қыркүйектің 15-іне дейін елордада өрт қауіпсіздігіне байланысты шаралар өтеді. Одан соң қазанда екінші кезеңі басталады.
Жалпы жыл басынан бері бас қалада 460-тан аса өрт болса, соның тең жартысы жеке тұрғын үй секторында тұтанған. Тілсіз жаудан 7 адам қаза тауып, 11 азамат жарақат алды.
Ал, бүгінгі таңда шаһарда қауіпті деп саналатын 1700-ден аса жер үй мен 1300-дей жатақхана бар.
Сала мамандары өрттің алдын алу шарасы барысында осы аумақтарды түгел аралап шықпақ.