Жыл басынан бері 4 онлайн казино жабылды
Жыл басынан бері Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы қаласындағы аумақтық департаменті PariMatch, ВК Triumph, «Фаворит» және PROFITBetting букмекерлік кеңселерін жапты.
Алматы, NEGE. Агенттіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған мекемелердің басшылары заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін айыпты танылды.
«Тергеу букмекерлік кеңселердің басшылары заңды бизнеспен бүркемелеу арқылы өз мекемелерінде онлайн казино ұйымдастырғанын дәлелдеді. Сот үкімімен PariMatch, BK Triumph кеңселерінің басшылары заңсыз бизнестен тапқан табысына қарай тиісінше 500 және 200 АЕК көлемінде айыппұл арқалады. Ал «Фаворит» және PROFITBetting букмекерлік кеңселерінің басшылары заңсыз істен аса ірі мөлшерде табыс тапқандықтан, 4 жылға бас бостандығынан айырылды», - деп жазылған құзырлы органның ресми мәліметінде.
Аталған 4 кеңсенің иелерінен тәркіленген мүліктің жалпы сомасы 700 миллионнан астам теңге болған.