Жигули Дайрабаевтың ұлдары сотталды

Мәжілісмен Жигули Дайрабаевтың ұлдары 550 миллион теңге субсидия жымқырды деген айыппен шартты түрде сотталды.

Алматы, NEGE. Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы алаяқтық, яғни адамдармен алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену бойынша 4 адамға қатысты қылмыстық істі қаралған.

Олардың қатарында "Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы" ММ басшысының өсімдік шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары болған Ерлан Күлкеев, кәсіпкерлер Елжан Елібай, Марат Дайрабаев және Дидар Молдақалық бар. Соңғы екеуі Жигули Дайрабаевтың ұлдары. 

Олар субсидиялау қағидаларын бұзып, сатып алынған "Альбион" құлпынай көшеттері үшін (оларды шаруа қожалықтарына рәсімдеп) мемлекеттік субсидиялар алғанын, олардың бір бөлігі алаяқтық жолымен ұрланып, жеке қажеттіліктеріне жұмсалғанын, осылайша, мемлекетке 550 849 430 теңге көлемінде залал келтіргенін анықтаған.

Жаза тағайындау кезінде сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайға Күлкеевтің кәсіби антты бұзғанын, ал жеңілдететін жағдайларға соттылықтарының болмауы мен Күлкеевтің, Дайрабаевтың, Молдақалықтың кішкентай балалары болуын жатқызған. 

"Дайрабаев пен Молдақалықтың мүлкі тәркіленіп, кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда басшылық лауазымды атқару құқығынан айыра отырып, түпкілікті әрқайсына 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы, Қылмыстық кодекстің 63-бабын қолданып, пробациялық бақылауға белгілене отырып шартты түрде тағайындалды. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ", - делінген хабарламада.