Жезқазған зиратында қабір басындағы топырақ опырылған: әкімшілік себебін түсіндірді
Жезқазған тұрғыны қала зиратындағы кейбір қабірлердің топырағы опырылып, құлпытастардың түбінде терең шұңқырлар пайда болғанына шағымданды. Тұрғын жіберген суреттерді азаматтық белсенді Берік Жағыпаров Instagram парақшасында жариялады.
Астана, NEGE. Әйелдің айтуынша, мұндай жағдай зираттың оң жақ бөлігінде, мазарлардың маңында жиі кездеседі. Ол жақындары осы жерде жерленген адамдарды қабірлердің жай-күйін тексеруге шақырған.
Жазбаға зират әкімшілігі жауап берді. Әкімшілік өкілдері аталған аумақты тексеріп, шұңқырлардың жануарлар ін қазғандықтан пайда болғанын анықтағандарын мәлімдеді.
Олардың түсіндіруінше, зират қала сыртындағы далада орналасқан. Бұл маңда суыр, қоян, борсық, түлкі сияқты жануарлар мекендейді. Олар зират аумағына да кіріп, ін қазуы мүмкін.
«Шұңқырлардың пайда болуы қабірлерді біреу әдейі бүлдіргенін білдірмейді», – деп атап өтті әкімшілік.
Сондай-ақ зират қызметкерлері қабір басындағы топырақты қалпына келтіруге көмектесуге дайын екенін жеткізді. Қажет болған жағдайда құрал-сайман беріп, жұмысшы жіберуге уәде етті.