Жетісу облысындағы Балқаш жағалауында алғашқы коммуналдық жағажайдың құрылысы аяқталды

Жетісу облысында Балқаш көлінің жағалауын дамыту шаралары кешенді түрде жүргізіліп жатыр. Жағалауға барлық қажетті инженерлік инфрақұрылым тартылған, автокөлік жолы жаңғыртылды.

Жетісу облысы әкімдігі

Астана, NEGE. Құрылысы жоспарланған үш коммуналдық жағажайдың алғашқысы салынып бітті, қазір мердігер нысанның жекелеген жерлерінде ұсақ кемшіліктерді жою бойынша жұмыстарды атқарып жатыр. Екінші жағажайда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев аталған нысандардағы жұмыстармен танысып қайтты.

Өңір басшысы жағажайда салынған коммерциялық және әкімшілік ғимараттарды аралап көрді. Сол сияқты жағалаудағы балалар ойын алаңдары мен жолдардың және басқа да нысандардың сапасын тексерді.

Мердігер мекеме өкілінің айтуынша, құрылыс биылғы сәуір айында басталған, бүгінде жобада қарастырылған жұмыс түгелге дерлік аяқталған.

Жетісу облысы әкімдігі

Мұнда 500 орынға арналған автотұрақ бар. Екі коммерциялық ғимаратта кәсіпкерлердің қоғамдық тамақтану орындарын ашуына арналып жалпы саны 18 орын салынған. Бұдан бөлек, сауда-саттыққа да орындар қарастырылған.

Ал әкімшілік ғимаратта төтенше жағдай және полиция посттары, медициналық пункт орналастырылады. Ана мен бала бөлмесі де бар. Жағалауда балалар ойын алаңдары салынып, киім шешетін орын, душ кабиналары, санитарлық тораптар және басқа да жағдайлар жасалған. Бес құтқару мұнарасы қойылған.

Облыс әкімі ғимараттардың сыртқы келбетіне, брусчатка төсемдеріне қатысты шағын ескертпелер айтып, жалпы алғанда құрылысқа оң баға берді. Сондай-ақ қарапайым көпшілік үшін демалыстың қолжетімді, жайлы әрі қауіпсіз болуына барлық мүмкіндік жасалуы тиіс екенін атап өткен Бейбіт Исабаев бұл ретте «Балқаш Тазалық» кәсіпорнының коммуналдық жағажайды күтіп ұстау жұмыстарын жүйелі жоспарлауы керектігін де тілге тиек етті.

Жетісу облысы әкімдігі

«Өңірлердің туристік әлеуетін дамыту туралы Президенттің тапсырмасына сәйкес биыл екі коммуналдық жағажайдың құрылысын бастадық. Оның құрылысы аяқталып отырған біріншісін жазғы шомылу маусымына дейін іске қосамыз. Мұнда бір мезетте 1800-ге дейін демалушы келе алады. Кәріз, су, электр жүйелері толықтай тартылған. Төтенше жағдай, полиция, медицина қызметкерлері отыратын орындар қарастырылған. Екінші жағажай да келесі жылы қолданысқа беріледі, ал үшінші жағажайдың құрылысы басталады. Былтыр Алакөл көлінің жағалауына 2 млн турист келсе, Балқаш жағалауына келетін туристердің де саны енді еселене артады деп ойлаймыз. Біз алдағы уақытта да өңірге келетін туристерге қолайлы жағдай жасау ісін жалғастырамыз», – деді Исабаев.

Атап өтсек, Балқаш жағалауын дамытуға бизнес өкілдері де инвестиция салмақ. Соның ішінде жергілікті кәсіпкерлер де бар. Солардың бірі Лепсі ауылының тұрғыны Руслан Сәттібеков өз пікірін білдірді.

«Жергілікті халық Балқаштың жағалауының дамығанын көптен армандаған едік. Қазір суы, жолы, жарығы – бәрі бар, коммуналдық жағажайлар салынып жатыр. Кәсіпкерлердің де жағалауда бизнесін жүргізуге мемлекет тарапынан мүмкіндіктер жасалып отыр. Енді Лепсі тұрғындары үшін жұмыс орындары, жаңа табыс көзі пайда болады. Бұрын басқа қалаларға көшіп кеткендер Лепсі өңіріне қайта келіп қоныстанып жатыр. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш», – дейді ол. 

Кәсіпкердің өзі де осы жағажайдан жер телімін алып, пансионат салуды жоспарлап отырғанын айтып өтті. Алдағы көктемде құрылыс жұмысы басталмақ.