Жетісу облысында сыныптастар арасындағы жанжалдан соң оқушы көз жұмды

Желіде Жетісу облысы Сарқан ауданындағы мектептердің бірінде 8-сынып оқушысы сыныптасының қолынан қаза тапқаны туралы ақпарат тарады. Өңірлік полиция қызметі ақпаратты растап, кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

ortcom.kz

Астана, NEGE. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, сабақтан кейін сыныптастар арасында туындаған жанжал кезінде жасөспірімдердің бірі дене жарақатын алып, кейіннен көз жұмған.

«Күдікті ұсталып, заңды өкілдерімен бірге полиция бөліміне жеткізілді», – деп хабарлады Жетісу облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісті дәрежеде орындамау дерегі бойынша мектеп қызметкерлерінің үстінен де қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Тергеу барысын облыстық полиция басшылығы ерекше бақылауға алды.

Сотқа дейінгі тергеу мүддесіне байланысты істің жай-жапсары айтылған жоқ.