Жетісу облысында психикалық бұзылыстары бар адамдар көлік жүргізіп келген
Талдықорған қалалық прокуратурасының хабарлауынша, облыста денсаулық жағдайына байланысты медициналық қарсы көрсетілімі бар 58 адам көлік жүргізіп келгені анықталған.
Астана, NEGE. Сөз диспансерлік есепте тұрған, эпилепсиямен және психикалық бұзылыстармен ауыратын адамдар жайлы болып отыр.
Бұл заң бұзушылықтарды жою үшін прокуратура сотқа көлік құралдарын басқару құқығын тоқтату және жүргізуші куәліктерін жарамсыз деп тану туралы талап арыздар жолдаған.
«Бүгінгі таңда соттар 28 талап арызды қанағаттандырды. Қалған 30 азаматқа қатысты материалдар сот қарауында», – делінген хабарламада.
Бұл шаралар жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ықтимал жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған.