Жетісу облысында полицейлер жүк көлігіндегі 38 жылқыны тірідей жанып кетуден құтқарып қалды

Оқиға бүгін, 24 қарашада Алматы – Өскемен тасжолының 175-шақырымында тіркелген.

ІІМ, видеодан кадр

Астана, NEGE. ІІМ мәліметінше, аумақты патрульдеп жүрген полиция қызметкерлері жолда кетіп бара жатқан Volvo жүк көлігінің түтіндей бастағанын байқаған. 

Тәртіп сақшылары дереу тоқтап, өрт сөндіргіштерді алып, жүргізушіге көмек көрсетуге кіріскен. Жүк көлігінде 38 жылқы болған, бұл өрт сөндіру жұмысын күрделендіре түскен.

Кейін мәлім болғандай, жүргізуші жылқыларды Күршімнен Шымкентке алып бара жатқан.

Полиция қызметкерлері өрт сөндірушілер келгенге дейін малды құтқару мен көліктегі өртті сөндіру жұмыстарын қатар жүргізген.

«Полицейлердің жедел әрі батыл әрекетінің арқасында барлық жылқы қауіпсіз жерге шығарылды. Ешкім зардап шеккен жоқ», – делінген ведомство хабарламасында.

Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.