Жетісу облысында оқушы қызды экскаватор қағып кетті
Қайғылы оқиға 3 қараша күні Текелі қаласында болды. Ауыр жарақат алған қыз бала оқиға орнында көз жұмды.
Астана, NEGE. Полиция қызметі жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғады.
Алдын ала мәлімет бойынша, Volvo маркалы экскаватордың жүргізушісі қиылыстан өту кезінде жаяу жүргіншілер жолағымен өтіп бара жатқан кәмелетке толмаған қызды қағып кеткен.
«Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының бақылауында.
Полицейлер жүргізушілерге жаяу жүргіншілер өткеліне жақындағанда барынша сақтық танытып, бағдаршам белгілерін қатаң сақтау қажет екенін ескертеді.