Жетісуда шенеуніктер фермерлерге арналған дизель отынын заңсыз сатқан
Өткен сенбіде Жетісу облысының прокуратурасы жергілікті шенеуніктердің фермерлерге арналған дизель отынын заңсыз сатқанын анықтағаны туралы мәлімдеді.
Алматы, NEGE. «Талдықорған қаласының прокуратурасы жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің құны 4,5 млн теңге болатын фермерлерге арналған арзандатылған дизель отынын заңсыз сату фактілерін анықтады» – делінген прокуратура таратқан хабарламада.
Белгілі болғандай, ауыл шаруашылығы жерлері жоқ адамдарға көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін 22 тоннадан астам отын өткізілген. Сонымен қатар прокуратураның қадағалау актісі бойынша әкімдіктің кінәлі қызметкерлері жауапқа тартылған.
Биыл Энергетика министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен, әкімдіктермен және «ҚазМұнайГазбен» бірлесіп біркелкі жеткізу кестесін дайындаған болатын.
NEGE тілшісі Жетісу облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне хабарласып, оқиғаның мән-жайын сұрады.
«Талдықорған қаласы бойынша ауыл шаруашылығы құрылымдарына 2023 жылдың көктемгі егіс науқанына 180 тонна дизель отыны бөлінген , оның 138,5 тоннасы алынды. Алайда бөлімде жүргізілген есеп бойынша 22,1 тонна көлемінде негізсіз артық дизель отыны жіберілген жоқ. Жер картасының мемлекеттік деректер базасы ақпараттық жүйесінде Мельниковтың және Саилибаевтың жер телімдері жайылым жер деп көрсетілген, оның себебі аталған шаруа қожалықтары жер телімдерін егістікке ауыстырғаннан кейін, жердің ақпараттық жүйесіне егістікті енгізбеген.
Осы уақытқа дейін егістік жерлерін электрондық жер картасына енгізібеген шаруа қожалықтарына дизель отыны берілмесін деген нұсқаулық болмағандықтан, қолдарындағы егістік жерге берілген заңды құжаттарын негізге алып дизель отыны жіберілді. Оның сыртында қажетті дизель отынын норматив бойынша есептеу 2020 жылға дейін болған. Қаланың шаруа қожалықтары егістік жер телімінің мөлшеріне қарай есептеп бергенді жөн көрді. Бөлімнің ішкі нормативтік есебі бойынша артық берілген дизель отынының көлемі 1,6 тонна. Жіберілген кемшіліктері үшін дизель отынына жауапты бас маманға қатаң сөгіс берілді», – деп жауап берді әкімдіктен.
Биыл Энергетика министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен, әкімдіктермен және «ҚазМұнайГазбен» бірлесіп біркелкі жеткізу кестесін дайындаған болатын.