Жетісу облысында заңсыз жұмыс істеген қоқыс полигондары анықталды

2023 жылы Жетісу облысының прокуратурасы Табиғат қорғау заңнамасы саласындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының жұмыс істеуі  бойынша талдау жүргізді.

Алматы, NEGE. Облыстың кейбір аудандарында қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары заңды құжаттарсыз жұмыс істеп жатқаны анықталды.

Мысалы Алакөл ауданында 23 ауылдық округте (56 елді мекен) 33 ҚТҚ полигоны бар, алайда оның ішінде тек Достық округындағы "Шыңдәлі" полигонында заңды құжат бар. 

Осыған ұқсас фактілер Сарқан (9 факт), Көксу (7 факт) және Ескелді (1 факт) аудандарында анықталды.

Жоғарыда аталған барлық бұзушылықтар бойынша прокурорлық қадағалау актілері енгізілді.

Қазіргі уақытта актілерді қарау нәтижелері бойынша үш ауыл әкіміне 300 АЕК-тен астам сомаға айыппұл тағайындалды және бір аудан әкімінің орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар заңсыз жұмыс істейтін ҚТҚ полигондарын заңдастыру бойынша жұмыс жүргізуде.