Жетісу облысында 350 келі заңсыз ауланған балық тиелген жүк көлігі ұсталды

Талдықорған-Текелі тас жолының 17 шақырымында заңсыз жүк тиелген көлік тоқтатылды. Құқық бұзушыны табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері Балқаш-Алакөл балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлерімен бірлесіп ұстады.

Алматы, NEGE. Mercedes-Benz жүк көлігін  облыс орталығының 57 жастағы тұрғыны басқарған, ол 350 келіге жуық балық түрлерін (жайын балығы, ақтабан балығы, мөңке балығы, сазан балығы) тасымалдаған. 

- Ер адам тиелген жүкке қандай да бір құжаттарды бере алмады. Келтірілген шығын 1 млн теңгені құрады. Заңсыз ауланған балық тәркіленіп, сату үшін қабылдау пунктіне өткізілді, одан әрі жиналған қаражат мемлекет кірісіне тапсырылады,- деді Жетісу облысы ПД табиғат қорғау полициясының аға инспекторы Бағлан Рымжанов. 

Факт бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылдау және құқық бұзушыны жауапқа тарту үшін жиналған материал балық шаруашылығы инспекциясына жіберілді.