Жеңіс Қасымбек: Астанада үш ауысымды мектеп таппайсыз
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елордадағы мектеп пен балабақша мәселесіне қатысты мәлімет берді. Оның айтуынша, биыл 1 қыркүйектен бастап қалада үш ауысымды мектептер толық жойылған.
Астана, NEGE. ОКҚ алаңында өткен жиында қала әкімі білім беру инфрақұрылымындағы ахуалға тоқталып, соңғы жылдары бұл мәселе жүйелі түрде шешіліп келе жатқанын айтты.
«Биыл 1 қыркүйекке үш ауысымды мектептерсіз кірдік. Екі жыл бұрын қалада 8 үш ауысымды және 16 шамадан тыс жүктелген мектеп болған. Үш ауысымды мектеп деген не? Ол – жобалық қуаты 4 мың оқушыға арналғанымен, онда 5,5 мыңға дейін бала оқитын білім беру нысаны», – деді Жеңіс Қасымбек.
Әкімнің айтуынша, қазіргі таңда мұндай мектептер қалада жоқ. Алайда ол білім беру нысандарының құрылыс қарқыны бәсеңдесе, мәселе қайта ушығуы мүмкін екенін де жасырмады.
«Бізде артық жүктемесі бар мектептер бар. Бұл мәселені шешу үшін қосымша қаражат салу керек, қосымша мектептер салу керек. Қазір қалада үш ауысымды мектеп кездестірмейсіз. Бірақ мектеп салу осы деңгейде жалғаспаса, бұрынғы мәселеге қайта оралуымыз мүмкін», – деді қала әкімі.
Биыл Астанада 9 мектеп пайдалануға берілген. Ал 2026 жылы 16 мың оқушыға арналған 12 жаңа мектеп салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жекеменшік инвесторлар тарапынан да мектептер салынып жатыр.
Балабақша мәселесіне тоқталған Жеңіс Қасымбек бұл бағытта тапшылық әлі де бар екенін айтты. Оның мәліметінше, елордада жыл сайын шамамен 130 мың бала дүниеге келеді, ал 2019 жылдан бері бірде-бір мемлекеттік балабақша салынбаған.
«Балабақша бойынша тапшылық бар. Биыл соңғы алты жылдан кейін алғаш рет үш мемлекеттік балабақша іске қосылды. Оның біреуі келесі аптада ашылады», – деді ол.
Қала басшысы жас отбасылар үшін мемлекеттік балабақшалардың қолжетімділігі маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, қала билігінің басты мақсаты – халық санының өсуін ескере отырып, балаларды мектеп пен балабақшамен толық қамту.