Жемқорларға ешқандай аяушылық болмайды – Тоқаев
Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев III Стратегиялық серіктестер форумында сөйлеген сөзінде айтты.
Астана, NEGE. Президенттің айтуынша, Қазақстанда жүріп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар әділдік, отаншылдық, толеранттылық, еңбекқорлық, шығармашылық, зайырлылық және прогресс құндылықтарымен астасып, біте қайнасып жатыр. Ал жемқорлық – халықтың сеніміне селкеу түсіріп, ел дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесін жоққа шығарады.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан сенімді серіктес ретінде Конституциядағы "Заң және Тәртіп" қағидатының тұрақты, болжамды әрі ашық ортаның берік негізіне айналуын қамтамасыз ететінін айтты.
«"Заң және Тәртіп" – жай ғана мемлекеттік саясаттың бір қағидаты емес. Ол – менің Әділетті Қазақстан құру жолындағы асқақ мұратымның арқауы, өзегі десем болады», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл ретте Президент сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес жүретінін ерекше атап өтті.
«Бұған дейін айтқанымдай, жемқорларға ешқандай аяушылық немесе рақымшылық болмайды. ...Сондықтан менің ұстанымым өзгермейді: кінәлілердің ешқайсысы заң жүзіндегі жауапкершіліктен сытылып кете алмайды. Оған лауазымы да, сіңірген еңбегі де, тіпті ықпалды "қамқоршылары" да көмектеспейді», – деді Тоқаев.
Президенттің сөзінше, заң алдында бәрі бірдей болғанда ғана елдегі реформаларды соңына дейін жеткізуге жол ашылады.